Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құмар Ақсақалов аққайыңдықтарды қабылдады

Аққайың ауданындағы қазақ мектептері оңтүстіктен көшіп келген жанұялардың балаларын қабылдауға дайын болмай шықты. Мәселен, аудан орталығы Смирново селосындағы білім ошағында тиісті 170 оқушының орнына 240-ы білім алып жатыр. Ауданда қоғамдық қабылдау өткізген Құмар Ақсақаловтан тұрғындар жаңа мектеп сұрады. Ашық диалог барысында әкім 6 азаматпен жүздесті.

Наталья БрысенкОва облыс әкімінің қабылдауына Смирновтағы еңбек ардагерлерінің атынан келіп отыр. Олардың басым көпшілігі аудандық орталық аурухана маңындағы екіқабатты үйлерде тұрады екен. Бұл баспаналардың кәріздік жүйесі ескіргелі қай заман. Ұзындығы 5 шақырымға жуықтайтын құбырлардың тозығы жетіп, тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып жатқан жайы бар.

Наталья Брысенкова, Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Қыста құбырлар бектіліп қалып, жиі істен шығады, ал жазғы уақытта ылғи ауыр иіс тұрады. Кәріздік құбырлар жарамсыз күйге енгелі көп болды, бірақ бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ.

Шынымен де, 60-шы жылдары тартылған кәріздік құбырлар бүгінге дейін бірде-бір рет алмастырылмаған. Бірнеше рет жөндеу көргенімен, қайыр болмапты бұдан. Жүйені толықтай жаңарту керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тиісті жоспар құрып, тізім жасап, кезек бойынша алмастыру керек. Өйткені, ескірген кәріздік жүйелердің проблемасы әрбір аудан орталығында өзекті тұр. Ардагерлерге сәлемімді айта барыңыз, біз бұл мәселені бақылауға алдық, міндетті түрде жағдайды түзетеміз. Одан бөлек, үйлеріңізді орталықтандырылған жылу жүйесіне де қосып береміз.

Ал Смирновтағы “Балапан” балабақшасындағы кәріздік жүйенің жағдайы жақсы. Тек өзгесі ақсап тұр. 90-шы жылдары жабылған ғимаратқа жергілікті билік 2008-де қайта жан бітірген. Бірақ, содан бері балабақшада жөндеу жүргізілмепті мүлде. Қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді: қыста терезелерін мұз басады, линелеумі шұрық-тесік, ал осы күзде шатырдан су аға бастапты, тіпті. Жөндеудің жолбалық-сметалық құжаты әзір, бірақ мәселе, әдеттегідей, ақшаға келіп тіреліп тұр. Түйткілдің тоқ етерін аймақ басшысы айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстық бюджеттен үнемделген қаражат есебінен ақша бөліп, жөндеу жүргіземіз. Ал материалдық-техникалық базаны жақсартуды аудан әкімдігі қолға алсын.

Негізі, келесі жылы өлкедегі 48 білім беру нысанын жөндеуге 3 млрд теңге бөлінбек. 190 млн-ы Аққайың ауданына берілуі тиіс. Осы ақшадан үнемделген қаржыға “Балапан” жөндеу көрмек. Ал Қиялы мен Тоқшын ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар қалыпқа келтіруді қажет ететін көрінеді. Мұны аудандық аурухананың бас дәрігері айтты.

Мамадияр Байғұлов, Аққайың аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Бұл елді мекендерде халық саны көп. Біреуінде – 2,5мың, ал екіншісінде 2300 адам тұрады. Жобалық-сметалық құжаттар дайын. Екі амбулаторияны жөндеуге 72 млн теңге қажет.

Ауылдардың болашағы зор, алайда Денсаулық сақтау министрлігі биыл біздің облысқа медициналық мекемелерді қалыпқа келтіру үшін көп қаражат бөлмепті. Ақшаның көбі қондырғыларға жұмсалған.

Тимур Сұлтанғазиев, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Облыстық қаржы басқармасына бюджеттік тапсырыс беріп қойдық. Келесі жылы қаражат бөлу мәселесі қазір қарастырылып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Менің ойымша, келесі жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі әбден мүмкін.

Аққайыңға оңтүстіктен қоныс аударғандар көп, басым көпшілігі – көпбалалы жанұялар. Бірақ, аудандағы қазақ мектептері жаңа оқушыларды қабылдауға дайын болмай шыққан. Мәселен, орталықтағы жалғыз қазақ мектебі 170 орынға шақталған, алайда мұнда қазір 240 ұл-қыз білім алып жатыр.

Райса Нұртазинова, Аққайың аудандық білім бөлімінің бас маманы:

– Мектеп ішінде интернат бар. Ол 40 балаға арналған, бірақ 57 бала орналасқан, шалғай ауылдардан келген балалар оқып-тәрбиеленуде. 57 отбасы көшіп келді, оның ішінде 104 бала бар. Олардың 40-ы биыл мектепке келіп отыр, сыймай тұр. Осыған орай, аудан орталығында жаңа заманауи мектеп салу мүмкіндігі болса.

Облыста апаттық жағдайдағы 2 мектеп бар, тағы үш ауысымдық оқыту мәселесі де өзекті тұр. Аймақ басшысы ең алдымен осы проблемалар шешіледі деді. Ал Аққайың ауданына көшіп келетіндердің саны келесі жылы біршама артпақ, сәйкесінше оқушылар да көбейеді. Сонда не істеуге болады?

Гүлмира Кәрімова, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Қазіргі уақытта бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, әкімшілікке типтік жобаны алып, жерді қарастырып қоюға болады. Біз келесі жылы бастамасына қаражат қарастыруға тырысамыз.

Бұл жолғы қоғамдық қабылдауды да дәстүрлі жол түйткілі айналып өтпеді. Татьяна Артемчук 3 бірдей ауылдық округ тұрғындарының базынасын арқалап келген.

Татьяна Артемчук, Қиялы ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Шағалалы, Власов және Қиялы округтерінің тұрғындары жол тауқыметін кешіп отыр. Смирново мен Қиялы ауылдарын байланыстыратын жолдың жағдайы өте нашар. Күрделі жөндеу жргізілсе деген тілегіміз бар.

Бірақ, жаңа асфальт төсеу арзан дүние емес. Смирново мен Қиялыны байланыстыратын жолдың ұзындығы 40 шақырымды құрайды. Мұндай шығындарды бюджет көтермейді дейді аймақ басшысы. Құмар Ақсақалов тиісті басқарма басшысына мәселені бақылауға алуды тапсырды. Әкімнің сөзінше, үнемделген не босаған қаражат болашағы зор, халқы көп ауылдарға апарар жолдарды қалыпқа келтіруге жұмсалуы тиіс.

Саят Ермек