МТРА жаңалықтары

Экспорт жөніндегі кеңестің отырысы

Қаңтар мен қазан айларының аралығында жергілікті кәсіпкерлер 210 мың тонна тауарды сыртқы нарыққа шығарды. Осылайша, барлығы 60 млн АҚШ долларына жуық пайда тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға аз екен.

Бұл – кеңестің осымен екінші отырысы. Алғашқысында өнімдерін экспортқа шығаратын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетілетін қолдау айтылған болатын. Туындайтын проблемалар да қозғалды. Мәселенің өзектілігі арада 4 ай өткеннен кейін де кеміген жоқ. Өнімді Орталық Азия елдерінің нарығына шығару – қиынның қиыны. Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан бидай өңдеу ісін өз қолдарына алып отыр. Сондықтан, аталған мемлекеттерге қазақстандықтардан керегі сапалы астық. Ал дайын өнімді экспорттаймыз деп ниеттенген бизнесмендерді жоғары салық күтіп тұр.

Талғат Наурызбаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Енгізілген өзгерістер көрші Өзбекстан арқылы Ауғанстанға экспорттауға да кедергі келтіруде. Бұл шаруа тым қымбатқа түседі. Отандық кәсіпкерлер үшін бір тонна ұнның транзиті 47 АҚШ долларына шығады. Ал көршілеріміз үшін біздің бидайдан өңделген тауардың тасымалы бар-жоғы 22 долларды құрайды.

Осылайша, диқандардың ала жаздай өсірген алтын дәні жергілікті бизнесмендерге емес, көрші елдікіне пайда әкелуде. Сүт пен ет өңдеуші кәсіпорындар да баяғыша сыртқы нарықта шығамыз деп әбігерге салынуда. Өнім толы жүк көліктері шекарада сағаттап емес, бірнеше күн бойы тұрады екен.

Марат Ыбыраев, СҚО ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының басшысы:

– Қазір қазақстандық ЕАСУ мен ресейлік «Меркурий» жүйесі интеграциялануда. Осылайша, қос мемлекет арасындағы тауар тасымалын қадағалауда ұстаймыз. Олқылықтар жайлы да осы жүйе арқылы білуге болады. Яғни, шекарада тұралап қалу фактілері азаятын болады.

Мамандардың сөзінше, 2020 жылдан бастап жүйелердің бірлескен жұмысы бастау алмақ. Дегенмен, сыртқы нарыққа шығатын тауарға байланысты өзге де проблемалар бар.

Талғат Наурызбаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Біздің тауарларымыз табиғи таза өнімдерден жасалады. Сондықтан, бағалары ресейліктердікімен салыстырғанда жоғары. Құнына тағы жанар-жағармай мен тарифтерге кететін шығын қосылады. Әрі көрші елден алатын сыртқы қаптаманың бағасы да өскен болатын. Осылайша, біз бәсекеге қабілетсіз боп барамыз.

Сыртқа шығарылатын тауарға деген сұранысты арттыру үшін бағасын төмендету қажет дейді сарапшылар. Оған мүмкіндік бар. Мұндай жағдайды бүгінде қазақстандық индустрия мен экспорт орталығы жасап отыр.

Нұрлан Дәулетбаев – СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Тасымалмен айналысатын кез келген бизнес өкілі үшін жолға кететін шығынның 50 пайызы қайтарылады. Бұл поезд, ұшақ, жүк көлігі немесе теңіз арқылы болсын, айырмасы жоқ. Өз кезегінде қолдау тауардың бағасына әсер етпей қоймайды. Қазір қаражаттың тең жартысын қайтаруға өтініштер қабылданып жатыр.

Тауарды зауыттан діттеген жерге дейін жеткізетін тасымал құнының жартысын қайтару – бұрын-соңды болмаған мүмкіндік. Алайда, оны қуана-қуана пайдаланамыз деп, кезекке де ешкім тұрып жатқан жоқ. Өңірімізден 15 ғана бизнесмен ниет білдіріпті.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Кәсіпкерлерді бағдарламаға белсене қатысуға шақырамын. Бұл бизнесмендерге шығындарының бір бөлігін қайтаруға сеп болады. Яғни, сыртқы нарықтағы бәсекелестікті жоғарылатуға да мүмкіндік алып отырмыз. Өтініштерді қабылдау желтоқсанның 13-іне дейін жүргізіледі.

Жалпы, бүгінде 70 жергілікті компания өз өнімдерін Қытай, Ресей мен Орта Азия елдеріне экспорттайды екен.

Эльмира Садвокасова