МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Құрылыс қарқыны мен сала еңбеккерлерінің жалақысын көтеру, халықты баспанамен қамту және азық-түліктің бағасын тұрақтандыру. Бұл өзекті мәселелер облыстық әкімдіктің отырысында егжей-тегжейлі қаралды.

Баспаналар мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың санын көбейту қажет. СҚ-да жыл соңына дейін 2240 пәтер қолданысқа беріледі. Осылайша биыл рекордтық көрсеткіш орнамақ. Былтыр 200 мың шаршы метр халық игілігіне тапсырылса, биылғы нәтиже 35 мыңға көп болады.

Серік Мұхамедиев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Сатып алу құқығынсыз әлеуметтік әлжуаз отбасыларға жалға берілетін 482 пәтердің құрылысы жоспарланған. Оның 124-і аз қамтылған көпбалалы жанұяларға арналған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осыған дейін айтқанымыздай салынатын баспаналардың 30 пайызы дәл осы санаттағы отбасыларға үлестірілетін болады. Осылайша, 3-3,5 жылдың ішінде өзекті тұрған мәселені түбегейлі түрде шешетін боламыз.

Ипотекаға алынатын баспаналардың саны артты. Кредиттік салымдар 34 млрд теңгеден асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға көп. Әрине, армандағы үйдің кілтін мемлекеттік бағдарламалар арқылы алған тиімді дейді Ұлттық банктің жергілікті филиалының директоры Диас Мэлс. Оның айтуынша тұрғындар үшін әсіресе «7-20-25» жобасы қолайлы көрінеді.

Диас Мэлс, «ҚР Ұлттық банкі» РММ СҚОФ директоры:

– Барлығы облыс бойынша жалпы сомасы 4 784,4 млн теңге болатын 701 өтініш қабылданды. Оның 468 мақұлданды. Бұл 3 210,0 млн теңгені құрайды.

Петропавлда құрылысы тұралап қалған нысан жайында да сөз қозғалды. Қазақ театры биыл алғашқы көрермендерін қарсы алуы тиіс еді. Алайда, бүгінде құрылыс жұмыстарының үштен бірі ғана орындалыпты. Мердігерлер ғимаратты 2020-ның тамызында қолданысқа береміз деп уәде етуде. Айта кету қажет, нысан жеке сектор аумағында бой көтеруде. Ескі үйлер сүріліп, иелеріне қайталама нарықтан пәтер кілті табысталды. Қирауға жақын баспананы жермен-жексен ету оңай болып көрінгенімен, қомақты қаражатты талап етеді. Келесі жылы қаладағы осындай шаруаны атқаруға 2,5 млрд теңгедан аса қаржы қажет. Жоспарға әлі Қапай жағы енгізілмеген. Аймақ басшысы тұрғын үй салып, онда сүрілген баспаналардың иелерін көшіруге даяр инвесторды ұсынды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаржы үйдің құрылысына жұмсалуы тиіс. Біз сүрілген баспана иелеріне қайталама нарықтан пәтер алғанда, ондағы бағалардың бірден өсуі байқалады. Одан да біз бұл қаражатты құрылысқа жұмсап, апаттық үйлердің тұрғындарын көшірейік. Бұл әлдеқайда тиімді болады.

Сүруге арналған алаңдарды алдын ала дайындау қажет. Бұл тек Қапайға ғана қатысты айтылған сын емес. Шаруа жөнді атқарылмағандықтан, құрылыс та кеш басталады дейді өңір жетекшісі. Баспана иелерімен келіссөзді дұрыс жүргізе білу қажет. Ал іске тек барлық тұрғындар келісімін бергенде ғана кірісу керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өкінішке қарай, кейбір баспана иелері біздің шарттармен келіспей жатады. Үйлері үшін тым көп ақша сұрайды. Біз заңды бағаланудан көп қаржы төлей алмаймыз. Ешбір коммуникациясы жоқ, яғни орталықтандырылған жылыту және су жүйелеріне қол жеткізбеген тұрғындар сол үйлерінде қала берсін.

Бірақ, мұндай баспананы кейін кім сатып алады? Әрине, Петропавлдың сыртындағы аймақты құрылыс жұмыстарын бастау қолайлырақ болар еді. Мұндай тәжірибе өзге қалаларда қалыптасқан. Алайда, ол үшін инженерлік желілерді тарту қажет. Өз кезегінде шаруа тарифтерге әсер етпей қоймайды. Тіпті, қоғамдық көліктегі жол ақысы да артуы мүмкін. Сондықтан, ескі жер үйлердің орнына көпқабатты су жаңа баспаналарды тұрғызу тұрғындардың өздері үшін тиімді. Жалпы, жылма-жыл құрылыс көлемі артып келеді. Соның өзі әлі де жеткіліксіз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көлемді 3 мың пәтерге дейін арттыру қажет. Біз бұл деңгейді орындай аламыз деген ойдамын. Сұраныс бар. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы Жас өркендегі кредиттік баспанада 1 пәтерге – 9, Жуков көшесінде 15 адам үміт артуда.

Құрылыс саласындағы инвестиция көлемі шамамен 25 пайызға артқан. Мемлекет жобаларға қаржы құяды, алайда нәтижесінде жоспар уақытында орындалмай жатады. Көптеген компаниялар шаруаның мерзімге сай орындалмауын кадр жетіспеушілігімен түсіндіреді. Бұл ретте мамандарды тарту үшін серіктестіктер қандай жұмыс атқарып жасап жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Кәсіпорындардың басым бөлігі еңбеккерлерінің жалақысын көтермейді. Ал баға деген жылма-жыл өсуде. Әсіресе, азық-түліктің құны төмендейтін емес. Мәселен, қарамұқтың бір келісі үшін енді 63 пайызға көбірек қаржы жұмсау қажет. Оы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин кей қала әкімдерінің орынбасарларын жауапқа тартуды тапсырды. Тізімде Петропавл да бар. Ал облысты жеке алғанда, СҚ-дағы бағалар республикалық орташа көрсеткіштен төмен.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– 19 тауар аталымы бойынша ел көрсеткішінен бізде тек тұз қымбатырақ. Қалғандары республикалық деңгейден төмен. Ұнның 1-ші сұрпы теріскейде – 130, Қазақстан бойынша 158 теңге тұрады. Күріш бізде – 310, ел бойынша – 313, сиыр еті бізде – 1650, өзге өңірлерде 1798 тг саудаланады.

Бағаларды реттеу үшін тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Келесі күзге дейін жететін 915 тонна көкөніс, 40 тонна қарақұмық, 385 тонна қант сатып алынды. Тағы 3 мың тонна ұн бар. Оның оннан бірі наубайханаларға бөлінген. Осылайша, нанның бағасы бұрынғыша тұрақты.

Эльмира Садвокасова