Қоғам

Швеция Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Петропавлға келді

Петропавлға Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ат басын бұрды. Іс-сапарын Матс Фойер жергілікті университеттен бастап, студенттер, оқытушылар және басшылықпен жүздесті. Оларға дипломат Швецияның феминистік сыртқы саясаты туралы дәріс оқыды. Яғни, шет мемлекеттің әйелдер құқығын қорғау жолында атқарып жатқан шаруасын баяндады.

Матс Фойер Швецияның Қазақстандағы Елшісі болып 2017 жылы тағайындалды. Алайда, бұл – дипломаттың Петропавлға алғаш келуі. Жергілікті университеттің конференц-залына жайғасқан мейман ЖОО-нымен білім беру саласында әріптестік орнату үшін келмеген. Мақсат тіпті басқа. Мінберден сөз алған Фойер мырза әйелдер теңсіздігі түйткілін көтерді.

Матс Фойер – Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Гендерлік дискриминацияның кесірінен әйелдердің құқығы шектеліп жатыр. Бүгінде әлем бойынша кем дегенде 63 млн қыз бала мектепке бармайды. Әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық құрбаны болған. Оған қоса күн сайын әлемде жасы 18-ге толмаған 47 мың бойжеткен еркінен тыс күйеуге шығады.

“Әйелдің міндеті – үйде отырып, бала бағу” деген қағидамен келіспейді шведтер. Ер азаматтар мен әйелдердің құқықтарын теңестіру үшін олар “Швед әкесі” деген мемлекеттік бағдарлама қабылдаған. Отбасында бала дүниеге келсе декреттік демалысқа анасы емес, әкесі шығады.

Бұл әлемнің көптеген елдері, оның ішінде Қазақстан үшін тосын дүние болса, Швецияда – қалыпты жағдай. Мұнда бесікарбамен жүрген ер азаматтарды жиі кездестіруге болады. Үйінде бала күтіп отырған әкелерге 3 ай бойы жалақысының 80 пайызы төленеді екен. Ал бұл уақытта әйел адам жұмыс істеп, мансап құрады. Мойындау керек, бұл қазақстандық ер азаматтар үшін таңғаларлық жағдай.

Швеция әйелдер теңдігін қамтамасыз ету мәселесін БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ мен Еуроодақтың мінберлерінен көтеріп жатыр. Швеция үкіметі әйелдердің саясаттағы рөлі басымырақ болуы тиіс деп санайды. Сондықтан, әлем елдерін басшылық қызметтерге бұрымдыларды көптеп тартуға шақырады.

Матс Фойер – Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Біз елдер арасындағы алауыздықты жою мен бейбітшілік келіссөздерге әйелдерді қатыстыру саясатын қолдаймыз және бұл саясатты белсенді жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ, мұрагерлік, жерді жеке меншікке алу сынды сұрақтарда да нәзікжандылардың құқығын қорғауға үлкен мән беріп отырмыз.

Осы орайда шағын мысал ретінде М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ға тоқтала кетейік. Оқу ордасындағы ұжымның 73 пайызын нәзікжандылар құрайды екен.

Ербол Исақаев – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ ректорының міндетін атқарушы:

– Университет басшылығында 90 адам жұмыс істесе, жартысынан көбі – әйелдер. Яғни, факультет деканы, кафедра меңгерушісі сынды лауазымдарда көбіне нәзікжандылар қызмет атқаруда. Біз кадрлық саясатты гендерлік теңдікке негіздеп жүргізуге тырысудамыз.

Бірақ, мұны әзірге теңізге түскен тамшыға теңеуге болар. Ел ауқымында жағдай өзгешелеу. Мәселен, Қазақстандағы 14 облыстың бәріне ер адамдар басшылық етеді. Ал өңірде аудан әкімі лауазымдарында күллі ер азаматтар қызмет атқаруда.
Негізі, мұндай лекцияларды Швеция елшіліктері әлем бойынша өткізіп жатыр. Басты назарда – Оңтүстік Америка, Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Африка.

 

Саят Ермек