МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Мамлютка қаласында қоғамдық қабылдау өткізді

Мамлют ауданындағы Белое селосының халқы көлдің суын ішіп отыр, Ленино ауылының тұрғындары болса жолдың тауқыметін тартуда. Ал қаладағы қос қабатты үйлерде тұратын адамдар баспаналарын өздері пеш жағып жылытуға мәжбүр. Осы және өзге де өзекті мәселелер облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қоғамдық қабылдауында көтерілді.

Мағжан Шынтеміров өзінің ғана емес, бүтін бір ауылдың базынасын арқалап келіпті. Оны жол мәселесі толғандырады. Әсіресе, Сенжарка селосынан Лениноға дейінгі аралық алаңдатады. Айтуынша бұл учаскенің басым бөлігі ой-шұқыр. Ал 3-4 шақырымы мүлде жүруге жарамайды.

Мағжан Шынтеміров – Ленино селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Бізге жол мәселесі қиын болып тұр. Мынау “Сенжарка-Николаевка” жолы өте қинайды бізді. Қыс-жазы осы мәселе өзекті болып тұр. Біздің елге дейін 24 шақырым.

Жол мәселесі! Бұл жалғыз Мағжан Шынтеміровті ғана емес, өзге де солтүстікқазақстандықтарды толғандырады. Ол – шындық. Сондықтан, өңірімізде өзекті проблеманы шешуге көп көңіл бөлініп жатыр. Бірақ, бір ескеретін жайт бар. Қазіргі уақытта өлкемізде халқы көп, ірі ауылдарға апаратын жолдар ғана қалыпқа келтірілуде.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Біздің облысымызда 640 елді мекен бар. Көбісінің жолы нашарлау. 1-2 жылда барлығын жасап тастауға мүмкіндік жоқ. Қаражат та жетпейді. Сондықтан, бірінші кезекке ірі ауылдар кіреді.

Кейін халық саны аз ауылдардың жолдары жөнделеді. Өкінішке қарай, Ленино ірі селолардың қатарына кірмейді. Сол себепті, жақын арада елдімекендіктердің тілегі орындалмайын деп тұр. Алайда, облыс әкімі Құмар Ақсақалов жерлесіміздің өтінішін жерде қалдырмады. Манағы жүруге мүлде жарамайтын 3-4 шақырымды қалыпқа келтіру бойынша қарамағындағыларға тапсырма берді. Тиісті жұмыстар келесі жылы басталмақ.
Василий Целуйконы да осы мәселе алаңдатады. Қарттың Мамлютка қаласындағы ішкі жолдарға көңілі толмайды.

Василий Целуйко – Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Мамлютка қаласында 76 көше бар. Көбісінің тозығы жеткен. Жүру мүмкін емес. Әсіресе, көктем-күз айларында діттеген жерімізге жете алмай қиналамыз. Оқушылар мектепке тілерсектен саз, тізеден су кешіп барады. Осы мәселе реттелсе деген тілегім бар.

Жолдың бұзылуына не себеп? Василий Целуйко ауыр жүк көліктерін кінәлап отыр. Оның айтуынша 30-40 тонналап астық артқан камаздар мен тракторлар элеваторға басты көше арқылы келеді. Салдарынан төселген қиыр тас та, асфальт та ұзаққа шыдамайды. Мұны қалай тоқтатуға болады? Жергілікті билік мәселені шешудің жолын тауыпты.

Руслан Анбаев – Мамлют ауданының әкімі:

– Элеваторға Прогресс селосы жағынан кіретін айналма жол салғымыз келеді. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайын. Келесі жылы осы құжаттар бойынша жоба әзірлейтін боламыз. Іске біздің есептеуімізше 127 млн теңгедей қаржы керек. Осы шаруаны тындырсақ басты көше ауыр жүк көліктері үшін жабылады. Онымен тек жеңіл машиналар қатынайды.

Аймақ басшысы Руслан Анбаевтың ұсынысын құптады. Осылайша келер жылы элеваторға апаратын айналма жол салынатын болды. Бұл шешім көшелердің сапасына алаңдаған Василий Владимировичтің көңілінен шықты.

Қоғамдық қабылдауға арнайы келген Мария Сугакованың мәселесі тіпті өзекті. Азаматша Мамлютка қаласының іргесіндегі Белое атты селода тұрады. Елді мекенде таза ауыз су жоқ. Мұндағы 640 адам тіршілік көзін көлден алып, ішіп жүр екен.

Мария Сугакова – Белое селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Ол көлге балықшылар келіп, балық аулайды, адамдар малдарын суарады, құс та барып түседі. Амал жоқ, осы көлдің суын ішеміз. Басқа қайдан аламыз!? Бұл мәселені көтеріп келе жатқанымызға біраз болды. Бізге үнемі сұрауларыңыз орындалады деп сендіреді. Бірақ, тиісті жұмыстардың басталар түрі жоқ.

Барлығы қаржыға кеп тіреледі. Бұл түсінікті. Құмар Ақсақалов іске жауапты жандардан ауылдағы ағайынның мәселесін шешуге қанша қаржы қажеттігін сұрады. Сөйтсек, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өтудің өзіне 36 млн теңге керек екен. Ал су тартуға 400 миллиондай жұмсалмақ. Аз ақша емес, әрине. Дегенмен талай жыл тіршілік көзінен тарыққан тұрғындардың тілегі орындалатын болды.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– 36 миллион теңгені біз береміз. Жобаны аяқтаңыздар. Кейін үкіметке қалған қажетті соманы бөлу бойынша өтініш білдіреміз. Бірақ, бұл жұмыстар 2021-де тындырылады. Биыл және келер жылы үлгермейміз. Мәселені міндетті түрде шешу қажет. 21-ші ғасырда көлдің суын ішу деген қисынға келмейді.

Қоғамдық қабылдауға Татьяна Ушакова да келіпті. Ол өзінің кезегін күтіп тұр. Нәзікжанды Мамлютка қаласындағы қос қабатты үйлердің орталық жылу желісіне қосылғанын қалайды.

Татьяна Ушакова – Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Қаладағы қос қабатты үйлерде тұратын жандар өз пәтерлерін әр баспанада орналасқан пеш арқылы жылытады. Яғни, отын-көмірді ішке кіргізіп жағады. Бұл біріншіден тұрғындардың өміріне қауіпті. Екіншіден, егде жастағы адамдарға пеш жағу, күл шығару қиын. Сондықтан, көптің тілегі орындалып, мәселенің шешілгенін қалаймыз.

Азаматша айтып тұрған нысандар бір кездері орталық арқылы жылытылыпты. Бірақ, 90-шы жылдардың басында жылу беру тоқтатылған екен. Содан бері адамдар отын-көмір жағуға мәжбүр. Дегенмен, бұл мәселені шешу жұмыстары осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Қазір аудан орталығында қазандық бар. Бірақ, ол іске қосылмапты. Оны жағып, тексеруге 27 млн-дай қажет.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Біз көмектесеміз, облыстық бюджеттен қажетті қаржыны бөлеміз. Сіздер сол ақшаны тиісті жұмыстарды жүргізуге жұмсаңыздар.

Бұл шаруа аяқталса 16 нысанға жылу жетеді екен. Оның 5-еуі – үй, 9-ы – бюджеттік ғимараттар. Әңгіме барысында облыс әкімі мұндай мәселе жалғыз Мамлюткада ғана емес, басқа да аудан орталықтарында барын айтты. Және іске жауапты мамандарға жуық арада анализ жасап, мәселені біржақты етуді жүктеді. Жалпы, бүгінгі қоғамдық қабылдауда өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов 7 адамның базынасын тыңдады.

 

 

 

 

Култанов Байболат