Энергетика

Нысандарды электр қуатына қосу қағидалары

2017 жылы елімізде ғимарат-нысандарды электр энергиясына қосу тәртібі жеңілдетілген болатын. Алайда, азаматтардың басым көпшілігі бұдан бейхабар. Қағидаларды арна тілшілеріне атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің өңірлік департаментінде түсіндірді.

Бұрындары, мәселен, үйге жарық тарту үшін азамат 7 процедурадан өтуі керек болса, 2017-ден бастап үрдістер саны 4-еуге дейін қысқарды. Нәтижесінде нысанды тоққа бұрынғыдай 4 емес, көп дегенде 2 ай ішінде қосуға болады. Алдымен электр таратушы компаниядан техникалық шарттар алынады, кейін жоба әзірленеді. Бұдан соң құрылыс-монтаждау компаниясының мамандарын жалдап, электр қондырғыларын орнату шарт. Содан кейін ғана таратушы кәсіпорынмен қуат беру бойынша келісім шартқа отыру керек.

Николай Борзилов – Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті СҚО бойынша аумақтық департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Егер таратушы компания азаматқа электр энергиясын беруден бас тартса, онда оған әкімшілік айыппұл салынады. Біздің өңірде электр қуатын жеткізумен “Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы” айналысады. Нысанды тоққа қосу үшін алдымен осында келіп, техникалық шарттарды алуға өтініш беру керек. Бұрындары бұл өтініш 14 күн ішінде қарастырылатын. Қазір мерзім 5 күнге дейін қысқарды. Жобаны таратушы компаниямен мақұлдау үрдісі тіпті алынып тасталды.

 

 

 

 

Саят Ермек