МТРА жаңалықтары

Ресейлік инвесторларға “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы таныстырылды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Омбыдағы өңіраралық ынтымақтастық форумында ресейлік инвесторларға “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағын таныстырды. Бұл субаймақ көршілес мемлекеттерге бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

Әсіресе, синтетикалық материалдарды шығару және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттарында. Сондай-ақ, болашақта СҚО-дағы Уәлиханов ауданында қиыршық тас өндірісінің басталуы әбден мүмкін. Кейін ол Омбы облысына экспортталмақ. Қос тарап біріге, осы жобаны да қолға алмақшы. Бұл үшін жуық арада екі өңір арасындағы темір жол байланысын қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Ол туралы «Транстелеком» компаниясының өкілдерімен өткен кездесуде айтылды. Облыс әкімі мұндай бастама арадағы әріптестікті одан әрі нығайтып, мол пайда әкеледі дейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Омбы мен Солтүстік Қазақстан облыстарын байланыстыратын темір жолды сала отырып, біз арадағы жүк тасымалының көлемін бірнеше есеге арттырамыз. Осылайша, ресейлік тарап – арзан қиыршық тас, ал Қазақстан қомақты инвестициялар алады. Кен орындары бос тұрмай, өңделеді, жаңа зауыттар салынады. Сәйкесінше, облысымызда қосымша жұмыс орындары ашылады.

 

 

Култанов Байболат