Денсаулық сақтау

МӘМС механизмі түсіндірілді

Келер жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілелі. Бұл – баршаға белгілі. Жаңашылдық тұрғындарға теңдей мүмкіндік беретіндігін естеріңізге сала кетейік. Яғни, осы өзгерістің арқасында азаматтардың бәріне бірдей көмек көрсетілетін болады. Мұны арна тілшілеріне №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Мариям Бапанова мәлімдеді.

Келер жылдан бастап қазақстандықтар медициналық қызметтерді екі үлгі бойынша ала алады. Біріншісі – кепілдендірілген медициналық көмек, ал екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Соңғысы арнайы есепшотқа жиналған қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Мариям Бапанова – №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында елімізде арнайы қор құрылған. Оған жұмыс берушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтар ақша аударады. Мәселен, әр ай сайын кәсіпорын өз қызметкерлері үшін қаражат бөлулері тиіс. Ол жалақының 1 пайызын құрамақ.

Әзірге, тұрғындардың тек аз бөлігі ғана жаңа жүйе туралы естіп білген. Солардың бірі – Владимир Роля. Азаматтың айтуынша медициналық сақтандырудың бірқатар тиімділіктері бар.

Владимир Роля – қала тұрғыны:

– Бұл жүйе туралы жуырда ғана естідім. Менің ойымша, әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында емдік шаралар қолжетімді әрі сапасы да арта түседі деп ойлаймын.

Айта кетейік, қоғамның әлжуаз топтары медициналық көмекті тегін алады. Тағы олардың қатарына зейнеткерлер мен студенттер қосылады. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында отандастарымыз 100-ден аса қызмет түрін тегін пайдаланатын болады. Осы орайда жүйенің жұмыс істеу механизмін халыққа кеңінен түсіндіру үшін ел бойынша бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Енді 1406 нөміріне хабарласып, толғандырған сұрақтарға жауап алуға болады.

Дана Ешкенова