Ауа райы

Қараша айында ауа райы қалай болмақ

Көзді ашып-жұмғанша күздің ең соңғы айы да келіп жетті. Синоптиктердің болжауынша қарашада орташа ауа температурасы минус 6-8 градусты құрамақ. Сондай-ақ, жауын-шашынның айлық мөлшері шамадан тыс болады деп күтіліп отыр.

“Қараша келмей, қар жаумас” дейді дана халықымыз. Егер қар осы айдың алғашқы күндерінде түсіп, ерімей жатып қалса қыс ұзақ болады деген сенім бар екен. Әзірге, біздің өңірімізде қар жоқ. Осы тұрғыда қала тұрғындарының пікірлері екіге бөлінді.

– Бір ай бойы бүгінгідей жылы болып тұрса ғой. Даладағы барлық шаң-тозаңды басу үшін қардың жауғаны да керек.

– Бізде қыс мезгілі жай да ұзаққа созылады. Сол себепті, әзірге күн жылы бола тұрса жақсы болар еді.

Мамандардың айтуынша облысымызда ең суық қараша айы 1987 жылы тіркеліпті. Ол кезде сынап бағанасы минус 37 градустан төмен түскен екен. 55-ші жылы ауа температурасы 14 градус жылыға дейін жоғарылаған. Ал биылғы қараша айының алғашқы онкүндігі қалай болмақ?

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде 5…10 градус аяздан 0…5 градус аяз, кей жерлерде 3 градус жылыға дейін, күндіз 0…5 градус аяздан 0…5 градус жылыға дейін ауытқиды.

Жалпы, қараша айы құбылмалы болмақ. Себебі, синоптиктердің болжауынша айдың ортасына қарай ауа райы қатты суытпақ. Ауа температурасы түнде минус 13-18, кей жерлерде, тіпті 23 градусқа дейін төмендейді екен. Ал күндіз 3-8 аязға дейін жететін көрінеді. Ай ортасынан ауғанда күн сәл жылынуы мүмкін.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Үшінші онкүндікте ау температурасы түнде 0…5, кей жерлерде 10 градус аязға дейін, күндіз 0…5 градус жылы, кей жерлерде 5 градус аязға дейін біртіндеп жоғарылайды.

Осы орайда қарашадағы ылғал мөлшеріне тоқталайық. Бірінші және үшінші онкүндіктерде және екінші онкүндіктің басында өңіріміздің кей аудандарында өткінші жаңбыр жауады деп күтілуде. Арты қарға ұласып, көктайғақ болмақ.

Дана Сәлімқызы