Мәдениет

Соғыс және еңбек ардагерлерінің халық академиялық хорына – 35 жыл

Биыл Петропавлдағы Соғыс және еңбек ардагерлерінің халық академиялық хорына – 35 жыл! Айтулы датаны өнер ұжымы өздерінің сүйікті тыңдармандарымен бірге атап өтті. Әншілер тобы қалалық мәдениет үйінде зал толы жерлестерімізге арнап концерт ұсынды. Мерейтойлық кеште жиналғандар көпшілікке аса танымал туындыларды тыңдады.

Сапар Тасбаев ұзақ жылдар бойы зауытта қызмет етіпті. Ол кәсіпорында ән айтып, түрлі кештерде өнер көрсеткен екен. Мұны “Соғыс және еңбек ардагерлері халық академиялық хорының» жетекші Иван Мищенко байқайды. Сосын талантты азаматты ұжымға шақырады. Бұл ұсынысты жерлесіміз зейнетке шыққасын қабыл алып, қатарға қосылады. Содан бері 6 жыл өтіпті. Бастапқыда оған орыс, украин, неміс тілдеріндегі туындыларды орындау қиынға соққан екен. Бірақ уақыт өте бұған да бой үйретіпті. Міне, бүгін өзінің әріптестерімен бірге хордың 35 жылдығын атап өтіп жатыр.

Сапар Тасбаев – Соғыс және еңбек ардагерлерінің халық академиялық хорының мүшесі:

– Дайындық ойдағыдай, шамамыз келгенше барымызды салдық. Егер де көрермендерге ұнаса, бұл – біздің еңбектің нәтижесі. Концерт екі бөлімнен тұрады. Алғашқысында 4 ән, кейін 3-уін айтамыз.

35 жылдың ішінде “Соғыс және еңбек ардагерлері халық академиялық хоры” түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, лауреат атаныпты. Бүгінде ұжым шығармашылық кештерді жиі ұйымдастырып тұрады. Аудандарға да барады. Концерттерде өнерпаздар қазақ, орыс, украин және неміс тілдеріндегі әндерді орындайды. Бүгін де солай болды. Зал толы көрермен жерлестеріміз шырқаған туындыларды селт етпей тыңдап отырды. Жиналғандардың арасында хордың экс-мүшесі Нина Полякова да бар. Ол әншілер тобының құрамында 2 жыл өнер көрсетіпті.

Нина Полякова:

– Бұл хордың тарихы тереңде жатыр. Мен ұжымға 20 жасымда келдім. Кейін, 2 жыл өнер көрсеттім де, өнерден қол үздім. Себебі, сол кезде мұғалім болып қызмет еттім. Хордың құрамында ән шырқауға уақытым болмады. Бірақ, бүгінгі күнге дейін әріптестерімнің концерттеріне келіп тұрады. Мұндағы жандардың дауысы керемет, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.

Қазіргі күні хордың құрамында 40 зейнеткер өнер көрсетеді. Олардың 8-і – кәсіби музыкант. Бүгінде ұжым мүшелерінің репертуарында 100-ге жуық ән бар.

Актолкын Солтанханкызы