Қоғам

СҚО-да цифрландыру күндері өтіп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында цифрландыру күндері бастау алды. Оның аясында бүгін Оқушылар сарайында жергілікті ұл-қыздар стэм-турнирде бақ сынасты. Елордалық “Astana hub” технопаркінің мамандары болса теріскейліктерді ІТ-бизнесті бастауға үйретті. Ал қазанның 31-і, яғни ертең ауқымды форум ұйымдастырылмақ.

Цифрлық технологиялар – қоғамның ажырамас бөлшегі және олар үлкен табыс түсіре алады. Керегі тек – тың идея мен стартап-жоба. Мәселен, биыл Қазақстан бойынша ІТ-стартаптарға шамамен 31 млрд теңгенің инвестициясы құйылған. Сома, шыны керек, қомақты. Бұл нені білдіреді? ІТ-бизнес тиімді әрі табысты, егер оны ашып, дұрыс дамыта білсең, әрине. Мұның жолдарын петропавлдықтарға елордадан келген “Astana hub” халықаралық технопаркінің мамандары түсіндіруде.

Даниэль Душманов – “Astana hub” халықаралық технопаркінің PR және маркетинг департаментінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Біз “Стартап сапары” жобасын бастадық. Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, қатардағы халыққа түсінікті тілмен ІТ-стартапты қалай бастау керектігін үйретіп жүрміз. Біркүндік тегін курстар арқылы технологиялармен таныстырып, ІТ-идеяларды тез әрі сапалы жүзеге асыруды түсіндірудеміз.

“Astana hub” – бұл халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі. Ол өткен жылдың қарашасында ғана ашылды. Мұндағы мамандар цифрлық технологиялар саласында бизнес ашқысы келетін қазақстандықтарға бағыт-бағдар береді. Одан қалды, отандық ІТ-компаниялардың шетелге шығуына қолғабыс етеді. Нақтырақ айтар болсақ, идеясы бар жандарға оны жүзеге асыру жолдарын көрсетеді, қажет болса инвесторды да табады. Жұмысын бастағалы технопарк 300-дей жобаға қолдау білдірген.

Даниэль Душманов – “Astana hub” халықаралық технопаркінің PR және маркетинг департаментінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Жуырда “Digital bridge” форумында қазақстандық бір топ жас киберспорт саласындағы жобаларын ұсынды. Біздің көмегімізбен инвестор табылып, оны жүзеге асыру үшін шамамен 1 млрд теңгеге меморандум жасалды. Яғни, компьютерлік ойындар, жасанды интеллект, блокчейн немесе бағдарламалар жазу саласында бизнес ашқысы келетін кез-келген жан бізге жүгіне алады. Жастар ма, ересектер ме – маңызды емес.

Бұл шақта Оқушылар сарайының басты залында 120 оқушы мен студент жиылған. Бүгінде бір-де бір саланы заман игіліктерінсіз елестетуге болмайды және мұны өскелең ұрпақ жақсы біледі. Сондықтан, спикерлер оларға болашақтарын ІТ-технологиялармен байланыстыруға кеңес береді. Өйткені, бұл саланың болашағы зор – бұл бір. Екіншіден, мамандарының жалақысы жоғары, ал білікті кадрлар тапшы.

Руслан Шарипов, “Интегро” ЖШС директоры:

– Экономика, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сынды қарапайым салалардың өзінде қазір цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Осы орайда айтарым, програмистер баршылық, ал бизнес-талдаушы, жүйелік талдаушы, тестер, техникалық жазушы сынды тар салалаы мамандар керек.

Осыдан бір жыл бұрын ашылған Оқушылар сарайындағы ІТ-үйірмелердің саны бүгінде 70-ке жуықтайды. Балалардың дені осы үйрімелерге барады. Яғни, робототехника мен бағдарламалау сынды дүниелерден хабардар. Енді сол білімді арнайы конкурста дәлелдеу керек. ІТ-байқауға 10 адамнан тұратын 12 команда қатысуда.

Нұрзия Майлина – Оқушылар сарайы директорының орынбасары:

– Стэм-турнир 7 сынақтан тұрады. Әр турда тапсырманы соңғы орындаған команда сайыстан шығады. Ақтық кезеңге жеткен құрамалар дрон жинайды. Соңында оны ұшыруы тиіс. Балалардың жұмыстарын өңірлік ІТ-саласының мамандары бағалайды. Үздіктерді марапаттаймыз.

Алғашқы конкурс – қарапайым. Әр команда құлтемірді жинап, оған бағдарлама жазуы тиіс. Кейін, роботқа жан бітіру керек. Осының бәріне – небәрі 15 минут. Вероника Сидорованың құрамасы жылдам жұмыс істеуде. Ол және оның сыныптастары ІТ-үйірмеге күнде барады. “Бір жылда біраз нәрсе үйрендім”-, дейді Вероника. Сондықтан болашағын ІТ-саласымен байланыстырғысы келеді.

Вероника Сидоркина – Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің студенті:

– Қазірдің өзінде тауарларды таситын, алдындағы кедергіден сүрінбей өте алатын роботқа бағдарлама жаза аламын. Тіпті, егістік алқаптарындағы сабанды өздігінен жинай алатын құлтемірді құрастырдық. Адам үйінде отырып оны басқара алады. Робототехника – біздің тұрмысымызды жеңілдетуге бағытталған, сондықтан бұл сала мен үшін өте қызықты.

Теріскейдегі цифрландыру күндері қазанның 31-не дейін жалғаспақ. Ертең цифрлық даму вице-министрі, “Astana hub” технопаркінің атқарушы директоры мен аймақ басшысының қатысуымен ауқымды форум өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ жергілікті ІТ-компаниялар көрме ұйымдастырылмақ.

Саят Ермек