Мәдениет

Петропавлда “Крокодил” шығармасы сахналанды

Петропавлға алғаш рет Ресейдің Ямал-НЕнец автономиялық округінен “Отбасылық театр” келді. Кеше көрші елдің актерлері жергілікті тұрғындарға атақты жазушы Корней Чуковскийдің “Крокодил” атты шығармасын сахналады. Бұл спектакльде адам бойындағы адамгершілік, достық сынды асыл қасиеттер көрсетіледі.

Қойылым кродилдің Петроградқа келуімен басталды. Ол келе сала сол жердегі адамдарды қорқытып, тыныштығын бұзады. Бірақ, Ваня есімді батыл жігіт оны қуып жібереді.

Кейін крокодил Африкаға оралады. Онда өзінің сүйген жарын және кішкентай балаларын кездестіреді. Сол кезде оған Петроградтағы адамдар жануарларды ұстап, қамауға алғаны жайлы хабар жетеді. Шұғыл ақпарды ести сала қолтырауын елге қайта келеді. Ол мұнда достарын босатпақ болады. Азу тісті жануардың рөлін Вячеслав Мошкин сомдауда.

Вячеслав Мошкин – актер:

– “Крокодил” туындысы Ұлы Октябрь социалистік революциясы кезінде жазылған. Менің ойымша Корней Чуковский осы шығармасы арқылы сол уақыттағы жағдайды сипаттағысы келді. Рөлді сомдау оңайға соқпады. Қойылымда мен 2 түрлі образды көрсетемін.

Сахнада шамамен 40-қа жуық адам өнер көрсетіп жатыр. Мұндағы жандардың үлкені 55-те болса, ең кішісі – 2 жарым жаста. Актерлердің арасында Николь Егорова есімді мектеп оқушысы да бар.

Николь Егорова – №4 орта мектебінің оқушысы:

– Ресейден келген актерлердің шеберлігіне тәнті болдым. Олар әр образды керемет сомдайды. Біз спектаклді сахналау үшін небәрі 3 күн дайындалдық. Осы уақыттың ішінде біраз дүниені меңгердім деп айтуға болады.

Жалпы, бірлік пен татулық жайлы баяндалатын «Крокодил» туындысын Корней Чуковский жазыпты. 100 жылдам аса тарихы бар шығарманы ресейлік өнерпаздар осыған дейін Қырғызстанда сахналаған екен. Қойылым ол жақтағы тұрғындарға өте ұнапты.

Ольга Беседина – «Союз женщин России» ҚБ Ямал-Ненец аймақтық бөлімшесінің төрайымы:

– Біз тамыз айында Қырғызстан еліне барып қайттық. Онда 1 апта болып, жұртшылық алдында өнер көрсеттік. Міне, 2-3 күннен бері СҚО-да жүрміз. Айта кеткен жөн, бүгінгі спектаклде кәсіби мамандардан бөлек, қарапайым адамдар да түрлі кейіпкерлерді сомдайды.

Сахналық қойылым залға жиналған көрермендердің көңілінен шықты.

– Маған крокодил қатты ұнады. Ол басында адамдарды ренжітті. Кейін достарына көмектесіп, ерлік жасады.

– Мен қойылымды тамашалауға өз отбасыммен келдім. Спектакль барлығымыздың көңілімізден шықты.

Маржан Касымбек