Бизнес және экономика

Жас кәсіпкерлерге арналған “Баста” форумы

Көкейдегі идеясын жылдар бойы жүзеге асыруға бел буа алмай жүргендер үшін ел бойынша “Баста” атты форумдар өтуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған бұл шара бүгін Петропавлда өтті. Тәжірибелі бизнесмендер кәсіпкерлікке жаңадан келген жандарға ақыл-кеңестерін айтып, сұрақтарына жауап берді.

Мал өсіру, мейрамхана не дүкен ашу, тіпті жеке өндірісті бастау. Форумға келген әркімнің көкейінде бизнес-идея жатыр және бұл идеяны әрқайсысы жемісті жүзеге асырғысы келеді. Бірақ, бір ғана ықыластың аздық ететіні белгілі. Кәсіпкер болу үшін көп нәрсені білу керек. Осы орайда, басты кедергі – сенімсіздік, тіпті қорқыныш десек те болар.

Саят Ермек – тілші:

– “Форумның “Баста” деп аталуы тегіннен-тегін емес. Шынымен де, бизнесте ең бастысы – алғашқы қадам жасау. Табысқа тек батыл адамдар ғана жете алады дейді спикерлер. Алайда, көбі қорқады. Құйған қаржым ақталмай қала ма деп, істі бастамай жатып банкрот болып қаламын ба деп үрейленеді. Бұл жасырын емес.

Ғани Абадан – “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері, Алматы қаласы:

– Біріншіден, олар қолдарынан еш нәрсе келмейді деп ойлайды, ал екіншіден, үкімет тарапынан кедергі болады деп ойлайды. Бізде қорқыныш бар және табыс тапқымыз келеді. Сол қорқыныш мақсаттан күштірек болады. Негізі қорықпауымыз керек.

Алматылық кәсіпкер Ғани Абадан қазақстандық ең табысты жігіттердің үздік 7-лігіне кіреді. 35 жасына дейін ол 10 ірі компанияның негізін қалап үлгерген. Қазір жылжымайтын мүлік агенттігін ұстап отыр әрі жиһаз жеткізумен айналысады. Бұдан бөлек, Ғани – табысты бизнес-тренер. “Бизнеске – махаббатпен” атты кітабын да жарыққа шығарған. Форумның бүгінгі спикері бастаушы кәсіпкерлерге қорқынышты қалай жеңу керектігін түсіндіруде. Тағы бір маңызды сауал – істі қалай дұрыс бастауға болады? Оның ақыл-кеңесі – қатысушылар үшін зор мүмкіндік.

Ғани Абадан – “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері, Алматы қаласы:

– Қаржылық жоспарлауды білу керек. Ең біріншіден, өзінің жеке қаржысын басқара білуі тиіс, содан кейін кәсіпкерлікке өту керек. Қазіргі таңда бізде “Жас кәсіпкер” атты бағдарлама бар. Ол 18-29 жастағыларға арналған. Олар 3 апта бойы тегін тренингке қатысады, кейін бизнес-жоспар жазады. Ең үздік жоспарларға 505 мың теңгенің гранты беріледі.

Көпке әйгілі “Бастау” жобасы да бар. Оның арқасында ауылдағы ағайын оқудан өтіп, кейін грант не кредит алып, кәсібін аша алады. Тыңдаушы креслосында отырғандардың көбі – қанатқақты қос жоба бойынша курстардан өтіп жатқандар. Аман Әлменов – солардың бірі. Тәжірибелі автомеханик ұзақ жылдар бойы Бескөлдегі техникалық станциялардың талайында қызмет еткен. Ал жуырда өзінікін ашуға бел буыпты.

Аман Әлменов – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Біреуге жұмыс істегенше, өзіме жұмыс істейін деп талпына бастағанымда, “Бастау” жайлы білдім. ТҚКС ашпақшымын, соған қондырғыларды алайын дегенмін. Алдымен грант, кейін керек болып жатса несие алу ойымда. Ашатын жерім – Бескөл ауылы. Үйдің жанында салған гаражым бар, істі сонда жалғастырмақшымын.

Кәсіпкерлікті жаңа танып жатқан Аман мырзаны үйрейлендіретін мәселе – салық төлеу. Негізі, бұл түтйкіл оны ғана емес, залға жиналғандардың бәрін толғандырады. Өйткені, көбінің қаржылық сауаттылығы әсте жоғары деңгейде емес. Сондықтан, мемлекет қазынасына ақшаны уақытылы әрі дұрыс аудару сұрағы да жіті талқыланды форумда. Бұдан бөлек, тыңдаушылар алдында теріскейлік бизнестің алыптары сөз сөйледі. Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, ресторатор Айтықан Қалғаева да, сан саланы бағындырған 20 жылдық тәжірибесі бар табысты кәсіпкер Сайран Хамзин де өз кеңестерін берді. Мұндай форумдардың бүгінде ел бойынша өтіп жатқанын айта кету керек. Ұйымдастырушы – отандық кәсіпкерлер палатасы.

Саят Ермек