Денсаулық сақтау

Енді қазақстандықтар дәріханалардағы препараттардың бағасын бақылай алады

Қазақстандықтар енді дәріханалардағы препараттардың бағасын смартфон арқылы бақылай алады. Жазда ел бойынша “DariKZ” мобильдік қосымшасы қолданысқа енгізілген болатын. Ал қазан айында қосымша жаңартылып, бірқатар жаңашылдықтар қосылды.

“DariKZ”-ті Денсаулық сақтау министрлігі шілдеде қолданысқа енгізді. Алайда, одан көпшілік хабарсыз. Мәселен, ақ халатты маман сізге белгілі бір дәрі-дәрмек жазып берді делік. Ол жайлы бар ақпарды алысқа бармай, смартфоннан дәл осы мобильдік қосымша арқылы білуге болады.

Айгүл Такеева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті фармацевтикалық инспекторат бөлімінің басшысы:

– “DariKZ” қосымшасының көмегімен дәрі-дәрімектің рецепт арқылы не рецептсіз босатылатынын, оның түпнұсқа не дженерик екенін білуге болады. Сондай-ақ, тауардың өндірушісі, оны қабылдау бойынша нұсақулықтар, жанама белгілері мен сақтау мерзімі сынды мәліметтер де көрсетілген.

Саят Ермек – тілші:

– Мобильдік қосымшаның тағы бір оңтайлы тұсы туралы айта кету керек. Егер дәрі-дәрімектің құны қалта қағарлық болса, мұнда оның арзандау баламасын табуға болады. Жалпы, “DariKZ”-те бүгінде препараттардың 16 мыңнан астам аталымы жайлы ақпарат көрсетілген.

Ал қазанның бірі қосымша жаңартылып, тағы бір қызмет қосылды. Енді жүйе арқылы фармацевтикалық өнімдердің бағасын да бақылауға болады. Бұл өте маңызды, өйткені жұртшылық дәрі-дәрімектің құны қалта қағады деп көп шағымданады. Жыл басынан теріскейде медициналық препараттар шамамен 4,5 пайызға қымбаттаған. Кейбір дәріханалар тауардың бағасын негізсіз шарықтатып жіберетеін көрінеді. Сондықтан, жазда Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің шекті құнын заңмен бекіткен болатын.

Саят Ермек – тілші:

– Қосымшада кез келген дәрінің Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті бағасы көрсетілген. Егер дәріхана препараттың құнын сол бағадан асырып жіберсе, азамат шағым түсіре алады. Сәйкесінше, заң бұзған дәріхана айыппұл төлеуі не тіпті, лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Ыңғайлылығына қарамастан, мобильдік қосымша әлі де реттеуді талап етеді. Базадағы 16 мың дәрінің барлығының шекті бағасы көрсетілмеген – бұл бір. Екіншіден, онлайн-шағымдар бөлімі әлі жұмыс істемейді. Мамандар олқылықтар жуық арада түзетіледі деп сендірді. Ал әзірге, бұзушылықтарды байқаған азамат базынасын жазбаша түрде өңірлік тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдауы керек.

 

 

Саят Ермек