МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтарТЖ

СҚО ТЖД көлік паркі 9 техникамен толықты

Жолды да, ауа райын да талғамайтын машиналар. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің көлік паркінде 150-ге жуық техника бар. Биыл олардың қатары тағы су жаңа 9 машинамен толықты. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен жарты млрд-тан астам қаржы жұмсалса, жергілікті қазынадан 100 млн теңге бөлініпті.

Суға салса батпайды, отқа салса жанбайды. Төтенше жағдайлар департаментінің паркіне қосылған техникаларға дәл осындай қысқаша сипаттама беруге болады. Машиналарды кез келген оқыс оқиғаға жұмылдыруға мүмкіндік бар. Жеке құрамды тасымалдауға арналған мына Камаздардың өзі жол талғамайды. Қызыл жалын қатты бас көтерген жерге де, тасқын су мен қар басып қалған аймақтарға да ене алады. Камаздар мен Урал машиналарын төтенше жағдайлар комитеті жіберіпті. Енді жергілікті жерде олардың саны – 6-ау. Ал, мына Трэколдар – әр құтқарушының арманы болар. Ол жолды ғана емес, ауа райын да талғамайды. Далада минус 60, плюс 60 болсын техникаға бәрібір. Үлкен доңғалақты биік машина ми батпақты да, терең суды да кешіп жүре береді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ағымдағы жылы техниканың қажеттілігі сезілген болатын. Уәлиханов ауданына қарасты Қаратал ауылын су басқанда елді мекенге апаратын жолды шайып кетті. Тек тікұшақпен жету мүмкін болды. Көп қиындық туындады. Ал, дәл осы техника жолды еңсере алар еді.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Біздің қолданысымызда осыған дейін тек бір Трэкол болатын. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа тағы үшеуін алу мүмкіндігі туындады. Қыста техниканы қар басып қалатын елді мекендерге жіберсек, көктемде қызыл суға байланысты жүргізілетін апаттық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылмақ.

Мақтануға тұрарлық техниканың бірі – көтергіш сатысы бар мына машина. Ол – шаһарда жалғыз. Техниканың мүмкіндігі зор. Машинаның көмегімен көпқабатты үйлерден шыққан қызыл жалынды сөндіруге болады.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Сатының биіктігі – 32 метр. 10-11-қабаттарға көтеріле алады. Егер машина ғимаратқа жақын орналасса 12-қабатта да өрт сөндіру жұмыстарын жүргізуге болады. Қазіргі таңда бізге одан да биік сатылар қажет. Себебі, шаһарда 17 қабатты баспаналар бой көтермек. Ол үшін 50 метрлік саты керек. Келесі жылы республикалық бюджет арқылы тиісті техниканы алмақ ойымыз бар.

2014-тен қолданыста жүрген жылжымалы – өрт-техникалық лабораториясына да тоқталмай өтуге болмас. Әрбір өңірде ол бір-біреуден ғана. Қызыл жалын шыққан жерге өрт сөндірушілерден кейін осы машины жетеді. Себебі, тілсіз жаудың шығу себебін анықтауға қауқарлы. Ал, эвакуациялауға арналған «Вахтовка» – Былғары зауыты ауданының тұрғындарына жақсы таныс. Дәл осы техника қызыл су кезінде тұрғындарды тасымалдаумен айналысқан болатын. Машиналардың қатарына биыл тағы біреуі қосылды. Енді олардың саны 8-ге жетті. Жалпы, департаменттің машина-техника паркі биыл 9 бірдей су жаңа техникамен толығыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Апаттық-құтқару жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін жол талғамайтын заманауи техника қажет. Биыл машиналардан бөлек, бірқатар құрылғылар да сатып алынды. Бұның барлығы мамандардың жұмыс сапасын арттырмақ.

Сондай-ақ, келесі жылы Береке ықшам ауданында жаңа өрт сөндіру депосын салу жоспарланып отыр.

 

 

Эльмира Садвокасова