Жылу үшін алғашқы түбіртектерін алған петропавлдықтар “Севказэнергосбыт” серіктестігіне қатысты наразылықтарын білдіріп жатыр. Олар квитанцияларын суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісуде. Өйткені, кей қалалықтар кенеттен монополист компанияға өткен жылыту маусымы үшін қарыз болып шыққан.
– Жылу бойынша қыркүйек айына түбіртек келді. “Севказэнерго” мұнда “қайта есептеу актісі” деген жаңа жолақ қосқан. Ұйым бұл өткен маусымда жоғалған жылу үшін төлем деп жауап берді. Ең қызығы, бұл шығындарды жылу есептегіш құрылғылары жоқ үйлердің тұрғындары өтейтін көрінеді. Бұл қаншалықты заңды? Олар 2018-дің желтоқсанында қабылданған Табиғи монополиялар туралы заңға сілтеме жасап отыр. Мұндай түбіртек алған қалалықтар көп пе? Сонда бұл монополист ойына келгенін істей алады деген сөз бе? Бізде басқа компанияны таңдау мүмкіндігі жоқ қой.
Түбіртектегі мұндай “тосын сыйды” алған қалалықтар көп болып шықты. Өткен жылыту маусымы үшін ақша төлеу керектігін көрген тұрғындар наразылықтарын әлеуметтік желіде белсенді жеткізіп жатыр.
Саят Ермек – тілші:
– Жылу таратушы монополист компания өкілдері бұқараны байбалам салмауға шақырады. Сөздерінше, қайта есептеу жыл сайын жүргізіледі. Соманың мөлшері жылыту маусымының ұзақтығы, маусымдағы орташа ауа температурасы сынды көрсеткіштерге тікелей байланысты. Қарапайым тілмен айтқанда, өткен қыс суық болып, жылыту маусымы әдеттегіден ұзақ болса, онда артық берілген жылу үшін қосымша ақша төлеу керек, ал қыс жылы болып, маусымның уақыты қысқа болса, компания керісінше, артық төлеген қаржыыңызды сізге қайтарып береді.
Маңызды жәйт – қайта есептеудің жылу есептегіш қондырғылары жоқ үйлерге ғана қатысы бар. Өткен қыс қаһарлы болды. Сондықтан, осы қыркүйекте құрылғы орнатылмаған баспана тұрғындарына сәл шығындануға тура келеді. Шыққан сома әр абонентте әр түрлі. Компания өкілдерінің айтуынша, ол белгілі бір формулалар мен коэфициенттер арқылы есептеледі, ал оны түсіндіру өте қиын. Бірақ, бәрін заңға сүйене отырып жасап жатырмыз дейді мамандар.
Елена Сивкова, “Севказэнергосбыт” ЖШС сапа жөніндегі жетекші маманы:
– Табиғи монополиялар туралы” заңның 26-шы бабына сәйкес біз қайта есептеуді жүргізуге міндеттіміз. Тұрғындардың көбі бұл ақшаны біз заңсыз талап етіп жатырмыз деп ойлайды. Бірақ, бұл олай емес. Қайта есептеудің белгіленген қағидалары бар, біз оны бұза алмаймыз. Негізі, биыл есептегіш қондырғылары жоқ баспаналардың тұрғындары орташа есеппен 1000 теңгедей қосымша төлем жасауы керек.
Ал жылу есептегіш қондырғы орнатылған көпқабатты үйлерге қайта есептеудің тіпті қатысы жоқ. Өйткені, олар бірден факті бойынша пайдаланған энергиясы үшін ғана төлейді. Бүгінде Петропавлдағы баспаналардың 800-ге жуығында мұндай құрылғы бар. Ал орнатқысы келетіндер үшін жұмыс істеген мемлекеттік бағдарлама қазір жоқ.
Мадияр Жангудин, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
– 2012 жылдан бері жылу есептегіш құрылғыларын қарызға алу мүмкіндігі болды. Баспана тұрғындары ай сайын 180-200 теңгеден төлеп, оның құнын бірнеше жыл ішінде өтей алды. Қазіргі таңда бұл бағдарлама жұмысын тоқтатты.
Яғни, шамамен 600 мың теңге тұратын құрылғының құнын бөліп төлеу мүмкіндігі жоқ. Тұрғындар оны тек қаржы жинап қана сатып ала алады. Бірақ, ол болашақта осындай артық төлемдерден арылтады. Алайда, 86 көпқабатты баспана тұрғындары қондырғыны орнатуға құлықсыз. Ал 200-ге жуық үйде оны қою техникалық себептерге байланысты мүмкін емес.
Саят Ермек