Энергетика

СҚО-да электр желілері жөнделіп жатыр

Өңірде электр желілері жөнделіп жатыр. Петропавл мен 8 бірдей ауданды жарықпен қамтамасыз етіп отырған “Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату” компаниясы осылайша электр энергиясын тарату сапасын біршама арттырмақшы.

Мәселен, Петропавлда қазір Н.Назарбаев пен Уәлиханов көшелерінің ортасында орналасқан 345-ші трансформаторлық қосалқы станция жөнделіп жатыр. 1,5 мыңға жуық абонентті жарықпен қамтитын нысанның шатыры алмастырылып, қасбеті сайдингпен қапталып, ішіне су жаңа жабдықтар қойылыпты. Қондырғылардың бәрі отандық. Жұмыстар қазанның бел ортасында тәмамдалады, ал тұрғындарға тоқ, әзірге, уақытша трансформатор арқылы берілуде. Ал Ойқала шағын ауданында әуе желілерін қалыпқа келтіру қызу жүруде. Бағаналардың арасынан салбырап, қауіп төндіріп тұрған сымдар алмастырылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, “СИП” атты оқшауланған қауіпсіз сымдар тартылуда. Бұл – жаңа технология дейді энергетиктер. Негізі, “Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату” компаниясы жыл соңына дейін 4 трансформаторлық қосалқы станцияны қалыпқа келтіріп, 30 шақырымдай әуе және 15 километр кабельдік желілерді алмастыруда. Шаруаның бәрін компания өз қаражатына жасап отыр.

Виталий Фесько, “СҚ ЭТК” АҚ бас инженері:

– Жөндеу жұмыстарына 1 млрд 80 млн теңге көлемінде инвестиция құйып отырмыз. Қалыпқа келтіру шаруасынан бөлек, қазір Новомихайловка мен Литейное ауылдарының аралығында 25 шақырымдық әуе желілерін салып жатырмыз. Осылайша Жамбыл мен Мамлют аудандарында электр энергиясын тарату сапасы біршама жақсарады.

Саят Ермек