Ауыл шаруашылығы

Еңбектің зейнетін көріп отырған көпбалалы отбасы

Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Сарытомар ауылында ата кәсіпті мықтап қолға алған жанұя тұрады. Бүгінде Серғазиндер отбасы өзге малдан бөлек тағы 100-ге жуық ірі қара ұстайды. Мүйізділерден түсетін пайда молынан. Іскер жандар жаз айларында сиырларды сауып, күніне 600-700 литр сүт сатады екен.

Санат Серғазин – нағыз еңбекқор жан. Ол бір кездері совхозда жұмыс істепті, саудамен айналысыпты, тіпті таксист та болған екен. Ал бүгінде мал шаруашылығымен айналысады. Қазір оның қарамағында әжептеуір ірі қара бар. Мал басы еңбектің арқасында көбейген екен.

Санат Серғазин – “Серғазина” ЖК өкілі, Сарытомар ауылы, М.Жұмабаев ауданы:

– 2011 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысамын. Бастапқыда өзімде 6 бас сиыр болды. Олардың санын көбейтуді ойладым. Сөйтіп, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан” 1,5 млн теңге көлемінде шағын несие рәсімдедім. Сол ақшаға және саудадан түскен қаражатқа бұзау сатып алып отырдым. Қазір қарамағымда 100-ге тарта ірі қара бар. Бұл көрсеткішке маңдай тердің арқасында жеттім. Еңбексіз ешнәрсеге қол жеткізе алмайсың.

Бүгінде шаруа еңбектің зейнетін көріп отыр. Ол сүт саудалайды. Жаз айларында күніне 600-700 литр ақ өткізіпті. Өнімнің әр литрін күн сайын “Пальчик” жеке кәсіпкерлігінің өкілдері 85 теңгеден сатып алып отырған. Ал қазір сауда сәл бәсеңсіген. Күз болғандықтан, шикізат көлемі азайыпты. Бірақ, азамат алдағы уақытта тауардың ауқымын бірнеше есеге арттырғысы келеді.

Санат Серғазин – “Серғазина” ЖК өкілі, Сарытомар ауылы, М.Жұмабаев ауданы:

– Қазір сиырлар бұзаулап жатыр. Келешекте сатылатын ақтың көлемін арттырсам деймін. Өйткені, сүті саудалап-ақ күн көруге болады. Өзімнің жұмысшыларым бар. Оларға әр ай сайын жалақы төлеймін. Мысалы, малшыға – 60, ал сауыншыға 45 мың теңге беремін. Іске әйелім де көмектеседі.

Жанұяның отанасы Гүлмайра Серғазина да ата кәсіпке жақын. Оның әке-шешесі мал ұстап, ауылда тұрыпты. Сондықтан болар, нәзікжанды үйдің де, түздің де жұмысын ұршықтай иіріп отыр. Оған қоса Серғазиндер – көпбалалы отбасы. Бүгінде қос жерлесіміздің қылықты 3 қызы мен ат жалын тартып мінер ұлдары бар. Ата-ана өздері үшін қалаға қарағанда елді мекендегі өмір қолайлы деп санайды.

Гүлмайра Серғазина – “Серғазина” ЖК жетекшісі, Сарытомар ауылы, М.Жұмабаев ауданы:

– Ауылда тұру керек. Ауылдың жастарын ауылға шақыру керек. Мал ұстау керек. Өзім ауылда тұрғаныма өкінбеймін. Ауасы таза.

Жақында “Серғазина” жеке кәсіпкерлігіндегі ірі қарадан бруцеллезге қарсы қан алыныпты. Нәтижесінде дерттің белгілері байқалмаған. Тағы түрлі аурулардың алу үшін екпе жасалған екен. Жалпы, бүгінгі күні Мағжан Жұмабаев ауданында күзгі эпизоотикаға қарсы іс-шаралар қызу жүргізіліп жатыр. Мамандар таң атысымен еңбектенуде. Себебі, істі ұзаққа созбай аяқтау қажет.

Ғайдар Исенов – М.Жұмабаев ауданы ветеринарлық станциясының директоры:

– Ауданда 23 ветеринар жұмыс істейді. Олар қазір ауылды жерлерді аралап, малдан қан алып жүр. Әрі сібір жарасына, бруцеллезге, туберкулезбен басқа да ауруларға қарсы екпе жасауда. Бұл іске республикалық, облыстық және аудандық қазынадан 70 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бүгінде істің басым бөлігін тындырдық. Енді 5 мың ірі қара, 10 мың қой және 2 мың шошқа қалды.

Қан алу жұмыстары кезінде аудандағы 60-қа тарта ірі қарадан бруцеллез ауруының белгілері байқалыпты. Қазір қосымша зерттеу жасалып жатыр екен. Айта кетейік, М.Жұмабаев ауданында эпизоотикаға қарсы іс-шаралар қараша айының соңына дейін жалғаспақ.

Култанов Байболат