Тайынша ауданында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Диқандар қауымы ауа райының құбылмалығына қарамастан дәнді дақылдардың 65 пайызын бастырған екен. Орташа гектар берекелігі 16 центнерден айналуда.
“Фауна” шаруа қожалығы биыл 4,5 мың гектарға дән еккен. Айтуларынша, егіннің шығымы жақсы. Бір гектардан 20 центнерден жиналып жатыр. Ауа райы қолайлы болса, аграрилер орақ науқанын аптаның соңына дейін аяқтап қалуы мүмкін. Сол себепті, диқандар таңның атысымен алқапта тынбай еңбек етуде. Барлығы – 40 жұмысшы мен 10-ға жуық техника.
Геннадий Ходоковский – “Фауна” ФҚ директоры, Тайынша ауданы:
– Біздің қожалық 20 жыл бойы егін егумен айналысады. Көбінесе бидай және арпа себеміз. Қазіргі таңда алтын дәннің 65 пайызы бастырылды. Енді қалғанын жинап алу керек.
Қожалықта қатарға биыл жаңа 7 техника қосылыпты. Яғни, 2 егіс кешені, КАМАЗ және “Агрос” фирмасының 4 комбайны сатып алынған.
Күзгі орақ науқаны “Рощинск-2016” серіктестігінің алқабында да қызу жүріп жатыр. Ондағы егіс алқабы 4 мың 700 гектарды құрайды. Биыл соның 2700-іне – зығыр, ал 1300-іне арпа себілген.
Жанымхан Сәрсенбаев – “Рощинск-2016” ЖШС бригадирі, Тайынша ауданы:
– Арпаның 600 гектары әлі жиналған жоқ. Ал зығырдың 2 мың гектары алынбады. Қазіргі кезде ауа райы қолайлы. Сол себепті, жұмыстың барлығын уақытылы аяқтаймыз деген ойдамын.
Бұл серіктестік те орақ науқанына мықтылап дайындалған көрінеді. Егін алқаптарында жаңа техника жұмыс істеуде.
Сағындық Исмаилов – “Рощинск-2016” ЖШС өндірістік директоры, Тайынша ауданы:
– Біз биыл ресейлік компаниядан екі комбайн сатып алдық. Тағы Бельгиядан да дәл осындай қос техника жеткізілді. Тракторлардың қатары қытайлық 6 техникамен толықты. Барлығының сапасы жақсы, жаңа болғананн кейін жұмыс істеуге де өте ыңғайлы.
Тайынша ауданының биылғы егістігі 610 мың гектар жерді құрап отыр. Оның жартысына дәнді және бұршақты дақылдар себіліпті. 157 гектар жер майлы дақылдарға тиесілі. Ал 80 мың гектарына мал азығы өсірілген.
Бүгінге дейін Тайынша ауданы бойынша дәнді дақылдардың 65 пайызы бастырылып, өнімділік гектарына 16 центнерді құрап отыр. Ал майлы дақылдардың 35 пайызы құлатылыпты. Мұндағы орташа гектар берекелігі 11 центнерден айналуда.
Ешкенова Дана