МТРА жаңалықтары

Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында елді мекендерді абаттандыру, жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен қалада арнайы экономикалық аймақ құру туралы айтылды.

Жиында ең алдымен қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант сөз сөйледі. Ол арнайы экономикалық аймақ құру үшін бос тұрған ғимараттарды сатып алу қажеттігін айтты. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы керек екен.

Наталья Дышкант – СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Береке шағын ауданындағы “Эталон” ғимаратын сатып алуға – 500 млн теңге, Парковая көшесі, 57 мекенжайындағы нысан үшін “СпецКаз” АҚ-ның жарғылық капиталын 700 млн теңгеге ұлғайту арқылы – 200 млн теңге қажет. Сондай-ақ, кәсіпкерлік және туризм басқармасына өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 200 млн теңге қаржы керек.

Қоғамдық кеңес мүшелері нысандарға қарастырылып отырған сома тым қомақты деді. Айтуларынша қаңырап тұрған нысандарды сатып алуға әлдеқайда төмен баға белгілеуге болар еді. Әрі олардың орнында келешекте не болатыны әлі белгісіз. Бұған қаржы басқармасының басшысы толыққанды жауап қайтара алмағандықтан, мәселе облыстық мәслихаттың қарауына жолданды.
Жиында тағы Мағжан Жұмабаев пен Қызылжар аудандарында абаттандыру бағытында атқарылған шаруалар айтылды.

Аман Қабдөшев – облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Биыл Булаев қаласындағы орталық алаң толықтай өзгеріпті. Кеспе тастары ауыстырылып, көше бойындағы шамдар мен орындықтар түгел жаңартылған. Сондай-ақ, Қызылжар ауданында да абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Бескөлде көшелер көгалдандырылып, шамдар орнатылыпты.

Қоғамдық кеңес мүшелері бұл атқарылған жұмысқа оң бағаларын берді.
Қыркүйек айының ортасында қоғамдық кеңестің жұмыс тобы Айыртау ауданына барып қайтқан. Сапардың мақсаты – мұндағы облыстық маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарының сапасын байқау.

Олег Иванов – облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Арықбалық пен Саумалкөл ауылдарының аралығындағы жолдардың сапасы өте нашар. Кейбір жерлерді жөндеп қана емес, түгелдей жаңа асфальт салу керек. Жол тар. Арықбалық ауылы мен Солнечное-VIP демалыс орнына дейінгі трассаның бойында ешқандай белгі жоқ. Ал Арқалық ауылына кіреберісте жол қыртысы бұзылған, шұңқырлар бар.

Жиын барысында аталған мәселенің барлығы Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исмановтың қарауына жолданды.

 

 

Бердимурат Баймухан