Қоғам

Петропавлда жүкті әйел себепсіз жұмысынан босатылды

Жүкті әйел себепсіз жұмысынан босатылды. Петропавл тұрғыны Светлана Трапезникова такси қызметінде диспетчер болып қызмет істеген. Алайда, жүктіліктің 4-ші айында «Альта-Такси» серіктестігі түк те түсіндірмей, болашақ анамен еңбек шартын бұзады. Светлана жұбайымен еңбек инспекциясына, кейін тіпті сотқа жүгінеді.

Светлана Трапезникова – жүктіліктің 8 айлығында. Жұбайы екеуі екінші сәбилерінің дүниеге келуін күтіп жүр. Әйел адам үшін жанды ерекше сезімге бөлейтін, босануға дайындалып, нәрестеге киім-кешек, кереует қарастыра беретін сәттердің бірі. Бірақ, бұның орнына ерлі-зайыптыларға әділеттік іздеп шарқ ұрып, талай органның табалдырығын тоздыруларына тура келіпті.

Мәселе мынада: келіншек «Альта-Такси» серіктестігінде диспетчер болып жұмыс істеген. Айтуынша, кәсіпорын басшылығы оны жұмысынан заңсыз босатқан.

Светлана Трапезникова – қала тұрғыны:

– “Альта-Такси” серіктестігі қызметкерлерімен әр ай сайын жаңа келісімшарт жасасып тұрады. Яғни, мерзімін айдың соңына дейін ұзартады. Менімен жасалған еңбек келісімшартының уақыты мамырдың 31-і таусылады. Бірақ, олар құжаттың мерзімін одан әрі жалғастыратындарын маған айтқан жоқ. Басшылықтың шешімдері туралы хабарламаны маусымның 5-сі алдым. Егер мені жұмыстан мамардың 31-і күні шығарса, ешқандай наразылық туындамас еді.

Светлана Трапезникова шағымын айтып еңбек инспекциясына жүгінген. Мұндағы мамандар да бұл шешімді заңсыз деп таниды.

Светлана Трапезникова – қала тұрғыны:
 

– Мен еңбек инспекциясына шағымдандым. Құзырлы орган «Альта-Такси» серіктестігінде тексеріс жүргізіп, жұмыстан шығару туралы шешімнің дұрыс еместігін айтты. Нәтижесінде, олар менімен келісімшартты айдың соңына дейін ұзартты.

Осылайша, Светлана диспетчерлік қызметіне маусымның 27-і қайта оралады. Бірақ, ұзаққа емес. Келесі күні «Альта-Такси» компаниясы оны келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты қайтадан жұмыстан шығарып жіберген. Ашынған нәзікжанды бұл шешіммен келіспейді. Адвокат жалдап, сотқа барады.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Қыркүйектің 17-сі күні қалалық №2 сот компанияның шешімін заңсыз деп табады. Осылайша ұйым Светлана Трапезникованы жұмысқа қайтадан қабылдау туралы шешім қабылдайды. Тағы “Альта-Такси” серіктестігі нәзікжандыға 80 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлейтін болды. Оған қоса, адвокат қызметінің құнын – 80 мың теңгені де аталған кәсіпорын өтеуі тиіс.

Светлана Трапезникова сот шешімі бойынша бұрынғы жұмысына қайтадан алынады. Сонымен қатар, нәзікжандыға декреттік демалыс жайлы бұйрық та шығарылған екен. Дегенмен, “Альта-Такси” серіктестігі сот үкіммен келіспек емес. Және оған қатысты шағымданбақшы.

Юлия Юровник – “Альта-Такси” ЖШС өкілі:

– Біз сот шешімімен келіспейміз. Өз құқығымызды пайдаланып апелляцияға береміз. Себебі, жұмыс беруші оған еңбек шартын бұзуға ниетті екенін уақытылы жеткізді. Бұл хабарламалар мамыр айының соңында тұрғылықты орнына және тіркелген мекенжайына жіберілген болатын.

Тағы “Альта-Такси” серіктестігі өкілінің айтуынша, моральдық зиян үшiн ақшалай өтемақы бойынша да шағым түсірмекші. Себебі, туындаған дау барысында болашақ ананың денсаулығы мен эмоционалдық жағдайының нашарлауы дәлелденбеген.

Дана  Ешкенова