Петропавлдың басты алаңын қалыпқа келтіруге қосымша 9,5 млн теңге бағытталып отыр. Қаражатқа жаңбыр мен еріген қар суын ағызу жүйесі орнатылуда. Алаңдағы кеспетастың небәрі 2 жылдың ішінде бүлінуіне дәл осы жүйенің жоқтығы себеп болған.
Шаһардың басты алаңы. Бұқаралық іс-шаралар мен мереке-мейрамдардың барлығы дерлік осында өтеді. Алып колоннада және кеспе тас төселген алаң 2017 жылы жасалған еді.
Бұл кадрлар шілденің 6-сы түсірілген. Биылғы Елорда күніне Петропавл жоғары деңгейде дайындалды. Өкінішітісі, ауа райы қуантпады. Себелеп тұрған жаңбыр емес, басты алаңды басқан шалшық судың қалалықтардың көңілін әбден түсірген жайы бар. Тұрғындар резеңке етіксіз еркін жүру мүмкін болмады деп шағымданған еді.
Саят Ермек – тілші:
– Басты алаңдағы кеспетас бүгінде қайта төселіп жатыр. Өткен аптадан бері жаңбыр мен желге қарамастан, мұнда жұмыс қызу. Бірақ, жоспардан тыс жөндеудің себебі неде? Бұдан қалалықтар беймәлім, сондықтан, жорамалдаудан басқа амалы жоқ. Кейбірі, тіпті, бюджет қаржысы оңды-солды шашылып, жаңа жабынды жасалып жатыр ма деп болжауда. Ал біз жауап іздеп шаһар әкімдігіне бардық. Сөйтсек, алаңның бастапқы жобасында бір маңызды жайт ескерілмей қалған. Қала басшылығы қателікті түзетіп жатыр.
Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
– Қазіргі таңда алаңға кәріз құбырлары орнатылып жатыр. Осының арқасында жаңбыр суы кеспетас үстінде тұрмай, бірден ағып кететін болады. Кезінде алаңның жобасы қысқа мерзімде жасалып, онда құбырлар мен суағарлар қарастырылмай қалған.
Осындайда, Ж.Баласағұнның “Асыққан істен пайда жоқ” деген сөздері еріксіз ойға келеді.
Бұл жолғы мердігер “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” кәсіпорны қазіргі кеспетасты алып, астына құбырлар тартып жатыр. Су ағатын темір құдықтар да орнатылуда. Ал жұмыс атқарылып біткен аумаққа бұрынғы материал қайта төселуде.
Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
– Алаңға кәріздік жүйе тартуға 9,5 млн теңге бағытталды. Жұмыстар жоспар бойынша қараша айының соңында аяқталуы тиіс. Бірақ, мердігер шаруаны айдың ортасында тәмамдаймыз деп отыр. Сапаға олар 2 жылдық кепілдеме береді.
Көп кешікпей басты алаңдағы шалшық су жайлы мүлде ұмытуға болады дейді әкімдік өкілдері. Дегенмен, кеспетасты бұған дейін басқан су оны бүлдіріп те үлгерген. Өйткені, жарылып жатқандарын жиі кездестіруге болады. Петропавл әкімдігі жабындыны қалай болса солай төсеген мердігер – “Еңбек” атты компанияны жазаламақ ниетте. Қазір талап-кінә қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс жуық арада сотқа берілмек.
Саят Ермек