Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылша мен қызамыққа қарсы иммундау жұмыстары жүргізілуде

Өңірде қызылша мен қызамыққа қарсы иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Науқан қараша айының соңына дейін жалғасады. Қазіргі уақытта облыста вакцияна қоры жеткілікті. Жақын ғана теріскейге 51 мыңнан аса үндістандық доза әкелініпті.

Қызылша мен қызамық – көбінесе ауа тамшылары арқылы берілетін қауіпті жұқпалы аурулар. Олардың негізгі белгілері: қызу көтерілу, әлсіздік, жөтел, тұмаурату және денеде түрлі дақтардың пайда болуы. Мәселен, үстіміздегі жылы қызылша дерті әсіресе, 20-29 жас аралығындағы тұрғындар арасында тіркелген. Сол себепті, вакцина дәл осы жастағыларға қойылуда.

Күлпаш Таласбаева – СҚО бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Өңірімізде жыл басынан бері 280 жерлесіміз қызылша дертіне шалдықты. Олардың 52,2% – балалар, ал қалғаны – ересектер. Науқастардың 77%-ы Петропавлда тіркелген. Сол себепті, теріскейде қазіргі таңда аталған індетке қарсы тегін иммундау шаралары жүргізілуде.

Қазіргі таңда вакциналау облыс аудандары мен Петропавл қаласының барлық егу пункттерінде жүргізілуде. Екпені қараша айының соңына дейін алуға болады екен. Жалпы, бюджеттен вакциналауға 15 млн теңге көлемінде ақша бөлінген. Бұл сомаға 51 мыңнан аса үндістандық доза сатып алыныпты

Әсем Қанғожина – СҚО денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

– Бұл вакциналардың барлығы да қауіпсіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан сертификаттары бар. Жеткізушілерге қойылатын талаптар – ең алдымен мемлекеттік тіркеудің болуы. Тағы, барлық тиісті құжаттардың дұрыстығы.

Жалпы, өңірімізде желтоқсанның басына дейін 46 мыңнан астам солтүстікқазақстандықты екпемен қамту жоспарлануда. Мәселен, бүгінде №2-ші қалалық емханада вакциналау шарасы белсенді жүріп жатыр. Мұнда бір аптаның ішінде 300-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетілген екен. Мамандар адамдарды дүйсенбі мен жұма күндері аралығында таңғы сағат 8-ден 18:00-ге дейін қабылдайды. Бұл мүмкіндікті қала тұрғыны Қадиша Қайратова да пайдаланды.

Қадиша Қайратова – қала тұрғыны:

– Вакцина қойғыздым. Бұл қажет нәрсе. Ауырмау үшін екпе қойғызу керек.

Айта кетейік, адамға екпе қойылғаннан кейін мамандар оның жағдайын жарты сағат бақылап, ағзаның вакцинаға деген реакциясын қадағалайды.

Дана  Ешкенова