МТРА жаңалықтары

Көшіп келген отбасыларға жаңа баспана салынуда

Теріскейге оңтүстік өңірлер мен Нұр-Сұлтан қаласынан биыл 700-ге жуық отбасы көшіп келеді. Олардың 518-і бүгінде жайғасып үлгеріпті. Жанұяларға арналып баспаналар да тұрғызылуда. Су жаңа үйлердің қызығын Қызылжар ауданына қарасты Чапаево селосына қоныс аударған тұрғындар көріп жатыр. Әсерлерімен ауылдастар біздің арна тілшілерімен бөлісті.

Бір үй ғана емес, білдей бір көше. Қызылжар ауданына қарасты Чапаево селосында биыл қоныс тойын 12 жанұя тойламақ. Олардың барлығы теріскейге оңтүстік өңірлер мен елордадан көшіп келген. Әрбір отбасыға арнап мұнда су жаңа баспана тұрғызып жатыр. Бесеуінің құрылысы аяқталған. Жайлы үйдің қызығын көріп жүргендердің бірі -Перизат Боранбаева. Біздің өңірге нәзікжанды үш баласымен бір айдай бұрын қоныс аударған.

Перизат Боранбаева – Чапаево селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Шымкентте халық көп шоғырланған. Бұрындары ХҚКО барсақ, ұзын-сонар кезекте тұрасың. Қазір барлығы жақсы. Көшіп келген дұрыс. Мен оны туыстарыма да айтып жатырмын. Міне, біз үй алдық, жұмысқа тұрдық деп айттым.

Ошақ иесінің сөзінше, отбасы үйге бірден ғашық болыпты. Іші жайлы, жарық, кең, ал ең бастысы – жылы. Түстіктен көшіп келген жандар үшін бұл маңызды. Жұмыс орнымен де ешбір проблема туындамаған көрінеді. Перизат бүгінде ауылдағы мектепте балғындарды жазуға, санауға үйретуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қорықпаңыздар. Бір ел, бір жер. Айырмашылық тек ауа райында ғана.

Жердің құнарлығы бағбаншылықпен айналысуға да мүмкіндік береді. Мұнда кез келген көкөніс пен жидек өсіріп, мол өнім алуға болады. Әр отбасыға 10 соттық жер бөлінген. Сумен қамтамасыз ету бойынша да мәселе туындамайды.

Перизат Боранбаева – Чапаево селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Картоп пен сәбізді өсіргіміз келеді. Үйреніп алсақ, жылда өсіретін боламыз. Бізге қонаққа келген ағайындарға айтамыз. Ана жақта 2-3 дипломмен жұмыс таппай отырғандар бар. Солардың барлығы келеді ғой.

Өңірде медицина, білім мен ауыл шаруашылығының мамандары тапшы. Кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге қоныс аударып жатқан азаматтар септесуде. Мәселен, Чапаеводағы мына үйлерді «Қызылжар сүт» серіктестігі тұрғызып жатыр. Баспана иелері де осы аталған кәсіпорында жұмыспен қамтылмақ. Солардың бірі – Дүйсенбай Оспанов.

Дүйсенбай Оспанов – Чапаево селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мамандығым болмағандықтан, уақытша мектепте жұмыс істеп жатырмын. Кейін фермаға барамын. Айлығы – жақсы.

Айта кету қажет, жабылып қалуға жақын шағын жинақты білім ошақтарының да мәселесі біртіндеп шешілуде. Өңірге қоныс аударып жатқан отбасылардың дені – көпбалалы санаттағылардың қатарында. Осы орайда Чапаеводағы орыс тілді орта мектебінде қазақ сыныптарын ашу жоспарланып отыр.

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Ауданға – 39 отбасы, барлығы 174 адам қоныс аударды. Олардың 82-сі – жұмысқа қабілетті жандар. 50-ден астамы бүгінде екі қолға бір күрекпен қамтылды.

Жанұялар негізінен Түркістан, Жамбыл пен Қызылорда облыстарынан келіп отыр. Биылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласынан да қоныс аудару мүмкіндігі бар.

Данияр Әбутәліп, Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Отбасыларға көшіп келу үшін ел бюджетінен қаржы қарастырылған. Әр адамға 88 мың теңгеден бөлінеді. Жыл басынан-ақ 9 елді мекенде құрылыс жүргізетін серіктестіктер белгіленген болатын.

Игіліктің барлығы тек біздің өңірде жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жобаның аясында жасалып отыр. Кәсіпкерлер мен аграрийлер құны 7 млн теңге болатын баспаналарды тұрғызуда. Ал, мемлекет кейін оны бизнесмендерден сатып алады. Биыл өңірде қоныс аударушыларға арналып 420 үй бой көтереді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үйлер тегін берілмейді. Жалға беріледі. Құрылысқа жұмсалған қаржы пәтерақы арқылы толықтай қайтса, баспана азаматтың меншігіне өтетін болады. Ай сайын отбасылар 15 мың теңгедей төлеп тұрады. 02-06 Барлығы да тегін емес. «Бізге мемлекет тарапынан барлығы тегін беріледі» деген қате. Біріншіден, мүмкіндік беріледі. Қалғанының барлығы – өздерінің қолдарында.

Биыл СҚ 700-ге жуық отбасыны қабылдамақ. Яғни, теріскей өңірі тағы 2 мың адам үшін құтты мекенге айналады. Олардың мың жарымы бүгінде қоныс аударып үлгерген.

Эльмира Сәдуақасова