Қоғам

Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасы

Жыл басынан бері қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан 2470 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Атап айтар болсақ, эскиздік жобаны 296 адам мақұлдатқан. 80 жер учаскесі қолданысқа берілген. Тағы 15-інің пайдаланылу мақсаты өзгертіліпті. Сондай-ақ, нысанның қайта жоспарлануына 298 рет рұқсат етілген. Азаматтардың арасында, әсіресе, жобалауға бастапқы материалдарды ұсыну мен нысанның мекенжайы туралы анықтама беру сұранысқа ие. Біріншісі – мыңға жуық, ал екіншісі 804 рет көрсетілген. Аталған қызметтердің екеуін бүгінде электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен үйден не жұмыстан шықпай-ақ алуға болады. Ал, үшеуіне қол жеткізу үшін халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына жүгіну қажет.

Серік Сабралин – Петропавл қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Аталған мемлекеттік қызметтерді алуда бірқатар проблемаларға кезігуге болады. Біріншіден, қала аумағында тұрғындардың өз беттерінше тұрғызған нысандары бар. Екіншіден, қала құрылысы құжаттарында тіркелмеген, бірақ әкімдікпен өз уақытында берілген жер учаскелері кедергі келтіреді. Қазір осы мәселелерді біржақты етуді қолға алдық.

Эльмира Садвокасова