МТРА жаңалықтары

“Зенченко и К” серіктестігі ресейлік нарықтан бас тартып отыр

“Зенченко и К” серіктестігі ресейлік нарыққа шығуды тоқтатты. Теріскейлік іргелі өндіруші тауарларын көрші елге жөнелтуден бас тартып отыр. Бұған Ресей ауыл шаруашылығы бақылау басқармасының сансыз тыйымдары себеп дейді компания өкілдері. Жыл басталғалы бұл орган қазақстандық тауар өндірушілерге қатысты 15-тен астам шектеу қойыпты. Яғни, ел аумағына өнімді кіргізуге тыйым салған.

“Зенченко” сүт зауыты Ресей нарығына осыдан 3 жыл бұрын шыққан. Қорған мен Омбы дүкендерінің сөрелеріндегі өнім жергілікті жұртшылыққа ұнаған көрінеді. Көрші елге жөнелтілетін сүт, қаймақ, қатық сынды тауарлардың көлемі жүйелі түрде артып отырыпты. Проблемалар бір жыл бұрын басталған. Ресей ауыл шаруашылығын бақылау басқармасы белсенді түрде қазақстандық сүтті ел аумағына кіргізуге тыйым сала бастайды. Себеп – санитарлық талаптардың сақталмауы. Алайда, Георгий Целых мұны тек сылтау деп отыр.

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры:

– Тауарымыз Қорғанға шыққанда ондағы сүт зауыттарының өнімділігі 30-40 пайызға қысқарды. Осыдан кейін жергілікті билік біздің тынысымызды тарылта бастады. Бұл қалада 26 дүкенмен жұмыс жасадық. Бірқатарында біздің сүт сөрелерге қойылмайтын болды. Шектеулерді де көптеп қоя бастады.

Зауыт директорының сөзінше, мұндағы мақсат – бәсекелестерді ысыру. Яғни, Ресей отандық өнімдерін жылжыту үшін қазақстандық тауарларды нарықтан алып тастамақшы. “Зенченко” сүтінен ішек таяқшасын таптық деп, көрші ел бірнеше мәрте серіктестік өнімдерін кіргізбей қойған.

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры:

– Біздің өзімізде аттестациядан өткен зертхана бар. Мұндағы көрсеткіштер ешқандай ішек таяқшасының жоқтығын көрсетті. Тіпті, Омбы зертханасы да сүтті таза деп тапты. Ал Челябідегі тексерісте бактериялар табылды. Мұның бәрі тамыздың 5-і болған оқиға. Біз барлық нәтижелерді жинап, оларға ұсындық. Осыдан кейін шектеу алынды.

Бірақ, тек бір айға ғана. Осыдан бір апта бұрын қыркүйектің 5-і “Зенченко” сүтін Ресей аумағына кіргізуге кезекті мәрте тыйым салынды. Сөйтіп, кәсіпорын бұл нарықтан тіпті бас тартуды шешкен. Яғни, серістестік сүтін енді көрші елге экспорттамайтын болды. Есесіне, шығынға батпаймыз дейді, өйткені “Зенченко” өнімдеріне Қазақстанның өзінде сұраныс жоғары.

Саят Ермек – тілші:

– Ең қызығы, бұл жалғыз ғана оқиға емес. 2019-дың алғашқы 6 айында Ресей қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қатысты 16 бірдей шектеу қойыпты. Бүгінге дейін олардың тек 2-уі ғана күшін жойған. Қалғандары үшін көрші ел шекарасы әлі де жабық. Отандық кәсіпкерлер палатасы мұны ЕЭО принциптеріне қарсы дейді. Сондықтан, қазір “Атамекен” аталмыш тосқауылды жою бойынша Еуразиялық Экономикалық комиссияға ресми үндеу әзірлеп жатыр.

Саят Ермек