Қоғам

Шаһарда тілдер фестиваліне орай концерт өтті

Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз! Дәл осындай атаумен бүгін Оқушылар сарайында концерт өтті. Шара дәстүрлі  тілдер фестиваліне орай ұйымдастырылған.

Сахнаға көздің жауын алатын түрлі түсті костюм киген жастар шықты. Мектеп оқушылары елімізді мекен еткен этностардың салт-дәстүрлері мен мәдениетін насихаттайтын билерді билеп, әндерді орындап жатыр.

Тілдер фестивалі аясында ұйымдастырылған шараға балалардың жақсы дайындықпен келгендері байқалып тұр. Олардың салған әндері құлақтың құрышын қандырады, қимылдары да керемет. Мәселен, кішкентай қыздардан құралған “Тұмар” би ансамблі қазақ халқының “Балауса” биін тамаша билеп шықты. Осылайша жұртшылықтың ыстық ықылысына бөленді.

Алтынай Құрмантай – “Тұмар” би ансамблінің бишісі:

– Бүгін біз қазақ биін биледік. Ал жалпы біздің ансамбль барлық ұлттардың биін билейді.

Концертті қала мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары тамашалады. Бас-аяғы 150-ге жуық адам. Оларға кеш ұнапты. Мол әсер алғандықтарын айтуда.

Жаңыл Ғабдула – №25 орта мектебінің оқушысы:

– Тілдер фестивалінің арқасында түрлі ұлттардың тілдері мен салт-дәстүрлерімен танысудамыз. Жалпы, біздің мектепте де тілдер апталығы өтіп жатыр.

Елімізде тілдер фестивалі биыл 21-ші рет ұйымдастырылуда. Шараның басты мақсаты – Қазақстанда өмір сүретін түрлі халықтардың тілдерін ұлықтау. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарын дәріптеу.

Дана  Ешкенова