Елімізде Президент жарлығына сәйкес белгілі бір санатқа енген азаматтардың несие айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару жұмыстары аяқталған. Ал, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған қарыздарын кешіру бойынша шаруа әлі де жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 500 мыңнан астам қазақстандық мемлекеттік қолдау тізімінде тұр.
2019 жылдың 26-шы маусымы. Бұл күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарынан қарыздық жүктемені азайту жөніндегі жарлыққа қол қойды. Яғни, белгілі бір санатқа енген тұрғындардың екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған несиелерін өтеу және айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару шарасын қабылдады. Қазіргі таңда аталған бағытта біраз шаруа тындырылыпты.
Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:
– Соңғы мәліметке сүйенсек, елімізде шамамен 1,3 млн азаматтың 33,6 млрд теңге айыппұлдар мен өсімпұлы есептен шығарылыпты. Соның ішінде СҚО-ғы 29 232 борышкердің 652,7 млн теңге айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілді.
Ал несиені кешіру бойынша не істелді? Бұл жерде мынандай бір мәселеге аса назар аудару қажет. Мемлекет тек 3 млн немесе одан төмен кредит алған тұрғындардың қарыздық жүктемесін азайтады. Оның өзінде 300 мың теңгені өтейді. Схеманы филиал директоры Диас Мэлс былай түсіндіріп берді.
Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:
– Мысалы, біздің азамат 1 млн теңге кредит несие алды. Оны өтеп жатып, содан 500 мың теңге қалып жатса, сол 500 мың теңгенің 300 мыңы мемлекеттен жабылады.
Бүгінгі күнге дейін өңірімізде қанша азаматтың негізгі қарызы өтелді? Бұл әлі белгісіз екен. Ұлттық банк статистика жүргізбепті. Тек мынандай ақпарат аян. Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын 500 мыңнан аса адам мемлекеттік қолдау тізімінде тұр. Осы орайда айта кетейік, Президент жарлығымен мына санаттағы отандастарымыз қамтылды. Олар: көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алатын жанұялар, мүгедек балалары бар бар отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім ұл-қыздар, ата-анасынан айрылған кәмелет жасына толмаған балалар.
Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:
– Біздің азаматымыз осы тізімге ілінуі керек, бірақ ілінбей кетсе керекті құжаттарын мемлекеттік органдарға апарып, тіркелуі қажет. Бұл жұмысты шұғыл түрде істеу керек.
Өңірдің бас қаржыгері тұрғындар құжаттарын неғұрлым тез өткізсе, мемлекеттен көмек соғұрлым жылдам көрсетіледі дейді.
– Сөз соңында мынандай бір мәліметке тоқтала кетуді жөн санап отырмыз. Қазіргі таңда халық арасында қарыздары кешірілген тұрғындарға енді бұдан былай мемлекеттен несие берілмейді деген әңгіме жүр. Мұны біз Ұлттық банк өкілдерінен сұрап білдік. Мамандар ақпаратты растамады. Яғни, жоққа шығарды. Бұл дегеніміз бұдан былай да кредит рәсімделе береді деген сөз.
Байболат Култанов