Балалар

Жастарға жат ағымдар жайлы айтылды

Бүгін Иван Шухов атындағы қалалық кітапханада «Антитеррористік сана мен радикалды идеологияға деген иммунитет» тақырыбында семинар өтті. Жиын барысында 30-ға жуық петропавлдық студентке теріс жолғы түспеудің амалдары жайлы баяндалды.

Қазіргі күні жат ағымның жетегінде кетіп жатқандар жастар қаншама? Оның басты бір себебі – діни сауатсыздық. Сондай-ақ, ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың қолжетімділігі. Олардан қалай сақ боламыз? Бұл мәселелер жайлы арнайы шақырылған теолог маман жиналған қауымға жіті түсіндіруде.

Әлем бойынша ислам дінін жамылған көптеген ірі экстремистік ағымдар бар. Олардың ең көп таралғаны Хизб ут-Тахрир, Сәләфизм мен Уаххабизм. Бұл аталған ағымдардың өкілдері ерушілерін түрлі лаңкестік әрекетке баруға үгіттейді. Олар өз радикалды ойларын тарату жұмыстарында көбінесе әлеуметтік желілерді пайдаланады. Мысалы, дінге жаңа бет бұра бастаған адамдар толғандырған сұрақтарын оқыған мамандардан емес, ғаламтор кеңістігінен іздеп жатады. Ал, интернетте дін төңірегіндегі ақпараттың 90 пайызға жуығы – экстремистік бағыттағы материалдар. Бұл ретте теолог жастарға көкейінде жүрген сауалдарын дін саласының мамандарынан барып білгендері дұрыс дейді. Сонымен қатар, танымайтын жандар ұсынған кітапшаларды алмауға кеңес береді.

Қанат Мұстафин – СҚО қоғамдық даму және ақпарат орталығының теолог маманы:

– Қазір жастар көп таралған Вконтакте, ютуб сияқты көптеген желілерде діни уағыз тыңдайды. Ондағы уағызшылардың басым бөлігі радикалды ілімді насихаттайды. Біз өз кезегімізде діни басқармамен рұқсат етілген сайттарға ғана кіруге кеңес береміз.

Семинардың мақсаты – жас буынға дәстүрлі дін мен теріс ағымдардың айырмашылығын түсіндіріп, жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру.

Сұлтан Омаров – облыстық «Modern Qazaqstan» қозғалысы төрағасының орынбасары:

–  Жастардың психологиясы әлсіз келеді. Дін туралы шала білгендіктерінен оларды түрлі ағымдарға тартып алу оңай. Сол себепті, жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында осы шараны ұйымдастырып отырмыз.

Жиынға 30-ға жуық студент қатысты. Семинар соңында қатысушылар мамандарға өз сауалдарын қойып, жауап алды.

Бердимурат Баймухан