МТРА жаңалықтары

Суды тазартудың тың әдісі

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық орталығы аса маңызды жобаны жүзеге асырды. Жерлестеріміз суды тазартудың тың әдісін ойлап тапты. Арнайы технология арқылы тіршілік көзі зиянды заттардан арылады. Бастысы, істе химиялық дүниелердің бірде-бірі қолданылмайды.

Қоршаған ортаға төгілген қалдықтар, тасталған қоқыстар! Мұндай факторлар ауыз судың ластануына алып келеді. Ал сапасыз тіршілік көзін тұтынған жандар түрлі ауруларға шалдығады. Бұл медициналық тұрғыда дәлелденген. Өзекті мәселенің алдын алу үшін жергілікті университет қабырғасында құрылған ғылыми-техникалық орталық тың жоба әзірледі. Жаңа бағдарлама бойынша ағынды және ауыз суды тазартуға болады. Бастысы, іс кезінде хлор да, басқа да химиялық дүниелер қолданылмайды.

Ирина Голодова – жобаның жетекшісі:

– Біздің технология ерекше. Алдымен суға электр тоғын жібереміз. Кейін, сүзгіден өткіземіз. Мұның нәтижесінже тіршілік көзі тазарады. Жобаны жүзеге асыру аясында 2 бірдей патентке қол жеткіздік. Тауарлық белгі мен ұйымның стандартына сертификат алдық.

Жалпы, бұл орталық М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да 2016 жылы құрылды. Онда 4 оқытушы жұмыс істейді. Жобаны жүзеге асыру үшін Ғылым қоры шамамен 144 млн теңгедей қаржы бөліпті. Жерлестеріміздің жасаған қондырғыларына алғашқы тапсырыс берушілер де бар. Қазір ауыл шаруашылығы саласы өкілдері құрылғыларды сатып алуға әзір отыр.

Алишер Омаров – «Moderns» ЖШС дамыту бойынша директоры:

– Біз биоқоспаларды өндіру үшін таза су және тіршілік көзін тазартатын жүйелерді іздедік. Ұзақ уақыт нарықты қарадық. Соңында таңдауымыз “НТЦВ” серіктестігіне түсті.

Орталықтың жоспары ауқымды. Алдағы уақытта жерлестеріміз әзірлеген дүниелерін өңірімізге ғана емес, өзге де аймақтарға сатуды ойлап отыр.

Байболат Култанов