Қоғам

Қазақстан халқы тілдерінің ХХI облыстық фестивалі бастау алды

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел! Петропавлда Қазақстан халқы тілдерінің 21-ші облыстық фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Жиында өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген түрлі этнос өкілдері туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шарада тіл саласында талай қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі еленіп, облыс әкімінің марапаты табыс етілді.

Домбыра, астау, қасық, ожау, табақ, шөміш. Халқымыз бұрындары тұрмыста ағаштан жасалынған ыдыстарды кең қолданған. Өйткені, ол адам денсаулығына пайдалы әрі оны біраз уақыт бойы қолдануға болады. Жерлесіміз Жалын Серікжан 5 жылдан бері ағаштан түрлі бұйымдар әзірлейді екен. Оның қолынан шыққан туындылар елімізден бөлек, шетел азаматтары арасында да жоғары сұранысқа ие.

Жалын Серікжан – ағаш шебері:

– Бұл – жеміс-жидек салатын ыдыс. Мұны жасауға көп уақыт кетті. Кез келген затты біз қайың ағашынан жасадық. Тек құрғақ емес, су ағаштан да қалай бұйым әзірлеуді зерттедік. Мынау – астау. Өте жалтырап адамның көзін тартады әрі заман талабына сай.

Сондай-ақ, көрмеде “Латын графикасында жазамыз” атты акция да ұйымдастырылған. Елімізде 2025 жылға дейін әліпбиді латын қарпіне кезек-кезеңімен көшіру жоспарланып отыр. Осыған орай, мамандар мұнда келгендерге жаңа қаріпті тез үйренудің заманауи түрін көрсетіп жатыр. Латын әріптері негізінде құралған алфавитті енді арнайы бағдарлама арқылы оңай меңгеруге болады. Ол үшін Qazlatyn мобильді қосымшасын телефонға немесе компьютерге жүктеу керек. Сондай-ақ, әріпті жазып үйренемін деушілерге де қолайлы мүмкіндіктер жасалыпты.

Орал Жанатов – СҚО тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:

– Биыл біз қыркүйек айынан бастап латын тілін үйрету курсын өткізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде келген адамдар саны көп. Оларды 3 топқа бөліп оқытудамыз.

Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер. Көрмеге облысымыздың барлық аудандарынан келген жандар қатысуда. Олар жұртшылыққа өз өнерлерінен бөлек, қолдарымен жасаған бұйымдарын да паш етіп жатыр. Жерлестеріміздің туындыларын аймақ басшысының орынбасары Руслан Әлішев те тамашалап жүр.

Елімізде 140-қа жуық ұлт өкілі бір шаңырақ астында бақытты да, баянды өмір сүріп жатыр. Бірілігі мен достығы жарасқан жұртшылық Қазақстан халқы тілдері күнін жылда атап өтеді. Жерлестерімізді облыс әкімінің атынан орынбасары Руслан Әлішев құтықтап, мемлекеттік тіл мәртебесінің өсе беруін тіледі.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді бұйырды. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшуде түрлі шаралар ұйымдастыруды айтты.

Кейін, аймақ басшысының атынан орынбасары Руслан Әлішев 7 азаматқа Құрмет грамотасын табыс етті. Еңбегі еленгендердің арасында Несібелі Мылтықпаева да бар. Нәзікжанды өмірінің 20 жылын тіл саласына арнаған екен. Ол ересектерге қазақ және ағылшын тілдерінен сабақ береді.

Несібелі Мылтықбаева – СҚО тілдерді оқыту орталығының Аққайың және Тайынша аудандары бойынша әдіскері:

– Мен 20 жылдан бері әдіскер болып жұмыс істеймін. Ересек адамдарға қазақ және ағылшын тілінде сабақ беремін.

Сондай-ақ, тағы 6 жерлесіміз облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Арасында Светлана Бунак та бар. Қазақ жерінде дүние келген орыс қызы туған елінің тіліне деген махаббаты бөлек. Сондықтан, ол қазірде мұғалім атанып, талай балаға қазақ тілін үйретіп жүр.

Светлана Бунак – Буденное орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі, Жамбыл ауданы :

– Мен 9 сыныпта бері қазақ тілін жіті үйренуді бастадым. Қазақ достарыммен қазақша сөйлестім. 11 жыл орысша орыс қазақ тілі мұғаліміне оқуға түстім.

Тіл – атадан балаға мирас болып қалатын баға жетпес байлық. Әр ұлт өз тілінің құдіретіне бас иеді әрі қастерлеп, құрметтейді. Елбасымыздың өзі «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деп айтқан болатын. Сондықтан, қазақ тіліміздің ғұмыры мәңгі жасай берсін.

Маржан Касымбек