Көкейкесті

Жерлес еріктілер Арктикадан оралды

Жергілікті университеттің екі білім алушысы жуырда Арктикадан оралды. Бір ай бойы олар арнайы халықаралық экологиялық экспедицияға қатысып, поляр маңындағы зонадағы Вилькицкий аралын түрлі қалдықтардан тазартты. Өткен ғасырда ластанған бұл ресейлік аумақ алдағы бірер жылда табиғи паркке айналмақ. Өйткені, бұл жерді жойылудың алдында тұрған полярлық аюлар мекендейді.

Вилькицкий – Карск теңізінің шығыс жағалауындағы шағын арал. Кеңес үкіметі кезінде мұнда әскери бөлім мен полярлық станция болған. Кейін олар жабылды, әскерилер мен ғалымдар кетті, ал ғимараттар, техника мен жанар-жағармай толы бөшкелер қалды. Салдарынан бүгінде аралдың күллі солтүстік бөлігі әжептәуір ластанған.

Арнайы экологиялық экспедиция 2017-ден бері жыл сайын жазда аралды күл-қоқыстан тазартуға шығады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 30 ержүрек “Арктика еріктісі” 30 күн бойы мұнда жұмыс істейді. Биылғы жылғы экспедицияға екі жерлес жігіт қатысып келген.

Нұрсейіт Абдразахов – жергілікті университеттің студенті, ал Роман Гиричев – магистранты. Аралға олар тікұшақпен жеткен. Айтуларынша, қара суық пен жабайы жағдайларда жұмыс істеу оңай болмады. “Серпін”-мен келіп Солтүстіктің суығына жаңа үйреніп жатқан Нұрсейіт Арктикада оңбай жаурадым дейді.

Нұрсейіт Абдразахов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 4-курс студенті:

– Бөшкелер болды, әр түрлі ескі техника мен үлкен цистерналар болды. Сосын тасталып кеткен үйлер мен үлкен құбырлар болды. Соларды жинадық.

Осылай экспедиция күніне 8 сағат ауыр жұмыс істеді. Проблемалар аз болмаса керек. Арктиканың суығы былай тұрсын, тіпті, азық-түлік қоры таусылып қалады деген қауіп болыпты. Десе де, көмек дер кезінде келген. Бір ай бойы олар ескі метеостанция модулін паналаған.

Роман Гиричев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ магистранты:

– Екі ярусты ескі, тат басқан кереуеттерде, төсекқаптың ішінде ұйықтадық. Әйтеуір, душ болды. Бір айда біраз шаруа тындырып, рекорд орнаттық. 200 тонна металл сынықтары мен жанармай толы 500 бөшкені жинап, 60 га жерді тазарттық. 20 нысанды бұздық.

Вилькицкийдегі қалдықтар, әсіресе жанармай, мұндағы флора мен фауна үшін қауіпті. Аралды полярлық аюларының 10 шақтысы мекендейді екен. Экспедиция мүшелері жұмыс барысында оларды жиі кезіктірдік дейді. Қауіпті аңнан қорғану үшін әрқайсысында фальшфейерлер болған. Арктиканың ақ аюын алғаш рет көзбен көрген сәтті жігіттер ешқашан ұмытпаймыз дейді.

Нұрсейіт Абдразахов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 4-курс студенті:

– Поляр аюын барғаннан кейін екінші күні көрдік. Алғашында таң қалдық. Олар бос жүреді, жабайы. Олар сол жердің қожайындары, ал біз қонақтары болдық. Олар бізге өте қатты жақындаған жоқ. Бізбен бірге құтқарушылар болды. Аюлардың ең аш кезі жазда болады екен. Сондықтан, бізді қатты жақындатқан жоқ.

Экологиялық экспедиция тек ауыр жұмыспен ғана есте қалмаған. Ресейліктер мен қазақстандықтардан бөлек, онда Молдова, Израиль сынды шет мемлекеттердің еріктілері де болған екен. Бос уақытта бәрі бірлесе ойындар ойнап, әңгімелесіп, ноутбуктен фильм тамашалапты. Интернет, әлбетте, жоқ онда. Тіпті, жақындармен ұялы байланыс арқылы аптасына тек бір-ақ рет тілдесу мүмкін болған. Экологтардың айтуынша, мұндай қарқынмен Вилькицкий аралы күл-қоқыстан 2 жыл ішінде толықтай тазарады. Бұл игі іске келесі жылы да өз үлесімізді қосуға Роман мен Нұрсейіт дайынбыз дейді.

Саят Ермек