Ауа райы

Қыркүйек айына арналған ауа райы болжамы

Салқын басталған қыркүйек орта тұсында жылиды. Сынап бағанасы +28 градусқа дейін жоғарылайды деген болжам бар.

Қыркүйек айы келісімен ауа райы қыңыр мінез танытты деуге болады. Суытты, аспан бұлттанды, жел соқты, таң атқаннан кешке дейін жаңбыр жауды. Синоптиктердің айтуынша, екінші онкүндікке қарай күн шуағын төге бастайды. Өңірде, тіпті сынап бағанасы +28 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бірақ, бұл ұзаққа созылмайды, 20-сына жақындағанда ауа температурасының қайта төмендеуі байқалады.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде +5 градус жылы, кей жерлерде 5 градус аязға, күндіз +7,+12, кей жерлерде +17 градус жылыға дейін төмендейді. Онкүндіктің соңында түнде +7,+12, кей жерлерде 2 градус жылыға, күндіз +12,+17, кей жерлерде +22 градус жылыға дейін жоғарылайды.

Жауын-шашының айлық мөлшері тиісті нормадан көп болатыны айтпаса да түсінікті сияқты. Қызығы, қыркүйектің соңында кей жерлерде жаңбырмен бірге қар жаууы мүмкін. Желдің соғуы да күшейе түспек.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Бірінші онкүндіктің ортасында және екінші жартысында, екінші онкүндіктің ортасында солтүстік-шығыс, шығыс бағытынан соғатын жел кей жерлерде 15-20 м/с дейін күшейеді. Үшінші онкүндіктің басында оңтүстік батыс бағытынан соғатын жел солтүстік-батыс бағытына ауысып, кей жерлерде 15-20м/с дейін күшейеді.

Сөйтіп, осы жаз бойы сан құбылып, қыркүйекте бірден жылы қабақ танытады деген ауа райы тұрғындарды біраз әбігерге салған сияқты. Өйткені, таңертең суық болып тұрып, қалың киініп шықсаң, түске қарай жылынып кетуі мүмкін. Немесе күн дұрысталады-ау деп оқталсаң, керісінше салқын соғып кетеді. Десе де, климаты шұғыл континенталды теріскей өңірінің халқы үшін бұл үйреншікті нәрсе. Мұңаюға еш себеп жоқ.

– Күз деген көңілімнен шығып тұрған жоқ. Дегенмен, алдымызда “мизам шуақ” деген бар. “Орысша бабье лето” деп аталады. 14-ші қыркүйекте басталады, соны күтеміз.

– Күз мезгілі өте жақсы. Солтүстіктің ауа райы да әр түрлі ғой. Бірде жылы, бірде салқын болып жатады. Бірақ, біз үшін салқын болса да жақсы.

– Күз айы – керемет ай ғой, негізі. Жақсы, тамаша, адамға шабыт береді. Ойлануға мұрша береді. Серуендеуге де жақы ғой күз, көктем айлары.

Актолкын Солтанханкызы