Қоғам

“Кедей сөзі” газетінің алғашқы саны табылды

Теріскейліктерге сүйінші жаңалық! СҚ мемлекеттік архиві «Кедей сөзі» газетінің алғашқы санын тапты. 1920 жылы жарыққа шыққан мерзімді баспасөздің көшірмесі қазір біздің мұрағатта сақтаулы. Жергілікті мамандар ұзақ уақыт бойы іздеген құнды дүние төте жазумен басылған. Бүгінде ол кириллицаға аударылуда.

Теріскейдің ғана емес, бастапқы уақытта барша Қазақстанның жаңалықтары басылған мерзімді баспасөздің екінші саны ағымдағы жылдың басында табылған болатын. Ондағы ақпардың барлығы бүгінде кириллицаға аударылған. Бұнымен тоқтап қалмай, жергілікті мамандар алғашқы нөмірін іздеуді жалғастырыпты.

Сәуле Мәлікова – СҚ мемлекеттік архивінің директоры:

– Газеттің Ресейдің ұлттық кітапханасында бар екені туралы ақпаратты мерзімді баспасөздің тарихын зерттейтін Амандық ағайымыздың еңбектерінен таптық. Кейін біз осы кітапханаға сұрау жаздық. Алғашында қызметкерлер таба алмай, «бізде жоқ» деп жауап берді.

Архившілер жауапқа қанағаттанбай, Ресей ұлттық кітапханасының қорларымен де байланысқа шығыпты. Тырнақтап жиылған ақпарат пен табандылық танытқанның арқасында газеттің түпнұсқасы ақыры табылды. Талай қазақтың сауатын ашып, жер-жердегі жаңалықты жеткізген мерзімді баспасөздің бірінші саны – міне. Әрбір парағы тарихтан сыр шертетін құнды жәдігерді мұрағат қызметкерлері мен профессор Зарқын Тайшыбай зерттеуде.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, мағжантанушы:

–  Газетттің ғажаптылығы – алғашқы санынан бастап «Кеңес үкіметі деген не?» «1917 жылғы ақпан көтерілісі қазақтарға не берді?» деген сұрақтарға әрбір сан бойынша жауап береді.

Ал екінші санынан кейін газеттің құрылымында бірқатар өзгерістер орын алыпты. Мәселен, бір баған сыртқы, яғни халықаралық жаңалықтарға арналған. Ортасында өлең болса, қалған орын бас мақалаға бөлінген. Кейін мерзімді баспасөзде қазақтың ұлы ақыны, күрескер тұлға Мағжан Жұмабаевтың да еңбектері жарық көре бастады. Мақалалар Алаш қайраткерінің шығармашылығын тереңірек зерттеуге де септеспек. Бастысы – мұнда ақын, Алаш қайраткері кеңес үкіметіне қарсы дегеннің барлығы жала екендігі көрсетіледі.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, мағжантанушы:

– Мағжанның мақалаларын оқысақ, онда қазақ халқының басқа ұлттармен теңдігін, жер бетінде “қазақ” деген халықтың бар екендігін, оның сақталып қалатыны тек қана кеңес үкіметіні байланысты екенін басып тұрып айтады.

«Кедей сөзі», «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы». Қазіргі «Солтүстік Қазақстан» облыстық газеті кезінде кезең-кезеңімен осылай деп аталып келген. Бір ғасырлық тарихы бар басылымның келесі жылы 100 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Осыған орай архивтегі мамандар газетте жарық көрген мақалалар жинағын жасап, редакция ұжымына тарту етпек.

Эльмира Сәдуақасова