Өнеркәсіп

Бескөлдегі “Гранит Север” ЖШС жаңа асфальт-бетон зауытын сатып алды

Ал Бескөлдегі тағы бір өндіріс ошағы ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Осының арқасында теріскейлік жолдардың сапасы біршама жақсарады деген үміт бар. “Гранит Север” компаниясы қомақты қаржыға Еуропадан асфальт-бетон зауытын сатып алыпты. Соңғы үлгідегі инновациялық қондырғы қоспаны тың технологияның көмегімен шығаратын көрінеді.

Жаңғыртуды “Гранит Север” 1 апта бұрын тәмамдаған. Қазір мұнда су жаңа Украинада жасалған зауыт жұмыс істеп тұр. Ол ірі түйіршікті, ұсақ түйіршікті және полимерлі асфальт-бетон өндіреді. Қуаты да мақтауға тұрарлық. 1 сағатта зауыт 160 тонна қоспа әзірлейді. Жергілікті мамандар күллі Солтүстік Қазақстан облысында мұндай кәсіпорынның баламасы жоқ дейді.

Игнат Новиков – “Гранит Север” ЖШС асфальт-бетон зауытының операторы, Қызылжар ауданы:

– Өзге асфальт-бетон зауыттары 3 фракциямен шектелсе, мұнда 5 фракция бар. Бұл дайын өнімнің сапасы жақсырақ болады дегенді білдіреді.

Ал сапалы асфальт керек бізге. Өйткені, жөнделген не салынған жол бір жылға да шыдамай шұрық-тесік боп жататын жағдайлар жоқ емес. Қазірдің өзінде бескөлдік асфальт-бетонды “Қазавтодор” мен “Титан-Север” сынды іргелі компаниялар сатып алып жатқан көрінеді. Бірақ, мұндай зауыт қоршаған ортаны ластамай қоймайды емес пе? Бұл мәселе серіктестік басшылығының айтуынша, шешімін тапқан. Жаңа зауыттың айрықша бір артықшылығы бар екен.

Саят Ермек тілші:

– Ал артықшылық мынада – зауыт экологияға зиян келтірмейді екен. Қарапайым тілмен айтқанда, өндірістік қалдықтар мен шаң атмосфераға лақтырылып, көкке ұшпай, арнайы сүзгілерге жинақталады. Кейін қайта кәдеге жаратылады.

Қондырғы әсте арзан емес. Құны – 430 млн теңге. Ақшаны “Гранит Северге” ресейлік компания қарызға берген. Берешекті өтеуге “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы көмектеспек. Қазанда серіктесік бұл бағдарлама бойынша 150 млн теңгенің кредитін алмақ. Жылдық пайыздық үстеме – 6 процент. Ал қалған ақша табыс есебінен қайтарылмақ.

Саят Ермек