Денсаулық сақтау

3-ші қалалық емхана жас мамандармен толықты

Жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, педиатрлар мен балалар хирургі. 3-ші қалалық емхана жас дәрігерлермен толықты. Емдеу мекемесіне жоғарғы оқу орнын биыл аяқтаған 9 маман жұмысқа келді. Олар бүгін Конституция күніне арналған салтанатты жиында ұжымға таныстырылды.

Қожахмет Қадірбек Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын биыл ғана тәмамдаған. Қолына дипломын алар сәтте теріскей өңіріне шақырту түседі. 24 жастағы жас маман көп ойланбастан ұсынысты қабылдапты. Енді, міне қызмет жолын №3 қалалық емханада жалпы тәжірибедегі дәрігер болып бастады. Петропавлға келгеніне 1 аптадан сәл асса керек. Айтуынша, ұжым жақсы қарсы алып, бар білген-түйгендерімен аянбай бөлісіп жатыр.

Қожахмет Қадірбек – №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Жуырда өз учаскем болады. Онда кішкентай сәбиден бастап қарт адамдарға дейін тексеретін боламын.

Жалпы, жас мамандарға жұмыстарында тез үйреніп кетуі үшін тиісті жағдайлар жасалуда. Қызметке тұрғандарға көтерме ақы беріледі.

Педиатрлар, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, балалар хирургтері. №3 қалалық емханада дәл осы мамандықтар бойынша кадр жетіспеушілігі болған екен. Енді мәселе 70 пайызға шешілді. Алдағы уақытта мұнда тағы да жас мамандар келеді.

Әлия Ташетова – №3 қалалық емхананың бас дәрiгерi:

– Алға қойған мақсатымыз кадрлық жүйені әрі қарай жасқарту. Жуырда 9 жас дәргер келген болатын. Енді алдағы уақытта тағы 2-уі келеді деп күтілуде.

Тағы, бүгінгі жиында емхана қызметкелері жыл сайынғы республикалық “Мектепке жол” акциясын қолдап, 1-ші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге базарлық тарту етті.

Аделина Жолұмбетова:

– Мен 1-ші қыркүйек күні 1-ші сыныпқа барамын. Енді мектепте көп дос табатын болдым. Бүгін бізге дәрігерлер сыйлықтар тарту етті. Ішінде түрлі түсті қарындаш пен альбомдар бар. Бұның барлығы маған мектепте керек болады.

Айта кетейік, №3 қалалық емханада жалпы 500-ге жуық маман жұмыс істейді. Оның 93-і – дәрігерлер.

Дана Ешкенова