Шарапаты мол шара. Жергілікті жоғарғы оқу орнының ұжымы мен нұротандықтар бірлесіп, “Мектепке жол” акциясы аясында балаларға оқу жабдықтарын сыйлады. Оның ішінде сөмке, кеңсе тауарлары мен киім-кешек бар. Аналар өз кезегінде балаларын сабаққа даярлауға қол ұшын созған жандарға ризашылықтарын білдірді.
Ирина Гордеева – көпбалалы ана. Бүгінде нәзікжанды 4 баланы тәрбиелеп отыр. Азаматшаның үлкен қызы 10-шы сыныпта оқиды, ал кенжесі болса небәрі 1 жаста. Жалғызбасты анаға балаларын мектепке даярлау оңай емес. Сол себепті, “Мектепке жол” акциясы аясында мейірімді жандар оған көмекке келді.
Ирина Гордеева:
– Маған тамыздың 10-ы күні хабарласты. Шынымды айтсам, мұндай көмек болады деп ойламап едім. Қуанышымда шек жоқ. 3 балам мектепке барады. Университет ұжымы олардың барлығын бастан-аяқ киіндіріп, сабаққа қажет дүниелермен қамтамасыз етті.
Сөмке, кеңсе тауарлары мен мектеп формасы. Бұл – оқушы үшін міндетті түрде сатып алынатын заттар. Ал оның сапалысын, ендеше қымбатырағын салып алу әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасының қалтасын қағары анық. Осы орайда “Мектепке жол” шарасы көпшілік үшін әжептәуір демеу.
Бүгін Ирина Гордееваның жанұясынан бөлек, тағы 16 отбасы материалдық қолдауға ие болды.
Айғаным Бейсенбаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие және әлеуметтік жұмыстар департаментінің жетекшісі:
– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Мектепке жол” акциясының аясында бірнеше отбасының мектепке баратын балаларына көмек көрсетуде. 3:00 Біз осындай науқанды 11 жыл бойы өткізіп жатырмыз. Үлкен көмек болып жатыр.
Бүгінгі тізімдегі отбасылардың таңдалуында да өз себебі бар екен.
Александр Зель – “Nur Otan” партиясы “Болашақ” филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Бүгінгі көмекті біз университет қабырғасында жұмыс жасайтын отбасылар мен партияға өтініш білдірген жанұяларға көрсеттік. Бұл азаматтардың әлеуметтік жағдайы бізге мәлім. Қолдауға мұқтаж адамдар біздің ұйымға бекітілген. Оларға осы сынды жәрдем жыл сайын жасалады.
17 отбасыға көмек көрсету үшін барлығы 300 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Актолкын Солтанханкызы