Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы талқылады. Қоғам дертін жою мен оның алдын алуда өңір бойынша қыруар шаруа атқарылып жатыр. Бұл жайлы тиісті органдардың басшылары халық қалаулылары алдында есеп берді.
Теріскей депутаттары талқыға тастаған тақырып әрқашан актуалды. Солтүстік өңірі Қазақстанның өзге облыстарына қарағанда парақорлыққа ең төзімсізі екен. Мұны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген әлеуметтік сауалнама көрсетіпті. Қанша дегенмен, абсолютті жеңіс туралы сөз қозғауға тым ерте.
Ернар Баянғазин – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Жыл басынан бері орын алған 86 фактіні әшкереледік. Заңбұзушылықтардың 39-ы – пара алу, 30-ы пара беру болып табылады. Бюджет ақшасын жымқыру мен алаяқтық жасауға қатысты 28 жайтты анықтадық.
Ернар Баянғазиннің айтуынша, көш басында – энергетика және ТҮКШ саласы. Мұнда жыл басынан бері 13 бірдей қылмыс тіркелген. Жемқорлықтың 7 фактісі анықталған жер қатынастары саласы – екінші орында. Ал білім беру мен денсаулық сақтауда 2 қылмыстан әшкереленіпті. Қолының жымысқысы бар бұл парақорлардың бәрі лауазымына не әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жазаланады.
Ернар Баянғазин – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Қылмыстық жауапкершілікке тартылған 23 тұлғаның 2-уі бас бостандығынан айырылды, ал 1-уінікі шектетілді. Ал қалғандары айыппұл төледі. Аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын 75 млн теңгеден асты. Бүгінде қаржының 95 пайызы қазынаға қайтарылды.
Шаруаны параға тындырған, қазынадан қаржы ұрлаған қылмыскерлер заң бойынша жазасын алуы тиіс. Бірақ, бұдан да маңызды мәселе – депутаттардың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Еркебұлан Мамбетов – облыстық мәслихаттың депутаты:
– “Nur Otan” партиясы саяси кеңесінің отырысына қатыстым. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда жемқорлыққа қатысты нөлдік шыдамдылық ортаны тәрбиелеу керек деді.
Жемқорлыққа қарсы сауатты саясат – дамудың басты болмаса да, негізгі факторы. Өйткені, бұл “арамшөпті” түп орнымен жұлып тастамайынша, гүлдену жайлы айтуға болмайды. Бірақ, өңірде жүйелі жоспарға сай тиісті жұмыс бүгінде жүргізілуде.
Саят Ермек