Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары шаруашылық! Қызылжар ауданындағы Новоникольское селосы маңында көпір салынып жатыр. Оны “Зенченко и К” командиттік серіктестігі тұрғызуда. Ілкімді іске іргелі агроқұрылым 2 жарым миллиард теңгедей қаржы бөліпті. Бүгінде бүкіл шаруа ауқымының жартысынан астамы тындырылған.
Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское селосы маңындағы темір көпір. Оны сонау 80-ші жылдары “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің бұрынғы бас директоры Геннадий Зенченко салыпты. Уақыт өте келе нысанның тозығы жеткені соншалық көлік жүрген сайын тарс-тұрс еткен дыбыс естіледі екен. Әрі көпір өзеннің бетіне жақын орналасыпты. Көктем келсе болғаны, су шаяды. Салдарынан тұрғындар қатынай алмай қиналған.
Геннадий Зенченко – “Зенченко и К” КС бас директоры, Қызылжар ауданы:
– 2007 жылы Есіл өзені 11 метрге көтерілді. Соның салдарынан село тұрғындары 2 жарым ай бойы мына тұрған негізгі жолға шыға алмады. Шаруашылық та қиындықтарға тап болды. Сауылған сүтті облыс орталығына жеткізе алмай біраз бейнет көрдік. Жалғыз біз ғана емес, іргедегі 7 ауылдың да халқы зардап шекті. Сондықтан, жаңа көпірдің құрылысын бастадық. Бұл әкем Геннадий Ивановичтың арманы еді.
Елімізге танымал аграрий армандаған көпірдің ұзындығы 230 метрді құрайды. Ол көпшілікке аса таныс емес жылжыту әдіс арқылы салынып жатыр. Мұндай тәсіл Қазақстанның тарихында тек 2-ші мәрте қолданылуда. Бұған дейін шалғайдағы Маңғыстау облысында жүзеге асырылған екен.
Юрий Петров – “Зенченко и К” КС бригадасының инженері, Қызылжар ауданы:
– Қазақстанда жылжыту тәсілі арқылы көпір тұрғызу дамымаған. Себебі, мұндай жұмыстың өзіндік қиындықтары бар. Іс барысында нысан үстіндегі өте ауыр темір құрылым төменде бір-бірімен біріктіріледі. Кейін жоғарыға шығарылып, біртіндеп алға қарай жылжытылады. Бізге мұны тындыруға қорғандық мамандар көмектесті. Құрылысты бастар алдында, әрине уайымдадық. Жүзеге аспай қала ма деп қобалжыдық. Бірақ, көпір ойлағанымыздай салынуда.
Шынымен, төбедегі темір құрылым өте ауыр. Салмағы – 630 тонна. Бетонды да қорғандық мамандар құйыпты. Құяр алдында жер 25 метр тереңдікке дейін қазылып, бірнеше жерден тіреуіштер қойылған екен. Қазір жұмыс 60 пайызға тындырылды. Атқаратын шаруа әлі де шаш етектен.
Юрий Петров – “Зенченко и К” КС бригадасының инженері, Қызылжар ауданы:
– Алдағы бірер күнде темірдің татын кетіруді бастаймыз. Кейін арнайы лак жағамыз. Ол құрылысты судың әсерінен қорғап тұрады. Бұдан соң асфальт төсеуге кірісеміз. Көпірдің ені – 10 метр. Жүргіншілерге арналған жолақ та болады. Оның ені 75 см құрайды.
Тындыратын іс бұл ғана емес. Көпірге дейін жолдың бір бөлігін – 11, ал екінші жартысын 8 метрге дейін көтеру қажет. Яғни, 670 және 400 метрге құм шашып, оны тегістеп, үстіне асфальт төсеу керек. Тағы, жол бойына жарық шамдары орнатылады. Тиісті шаруаға 60-қа тарта жергілікті жұмысшы мен 10-нан аса техника тартылыпты.
Геннадий Зенченко – “Зенченко и К” КС бас директоры, Қызылжар ауданы:
– Мамандарымыз шын ниеттерімен жұмыс істеп жатыр. Олар жаңа көпірдің биік және берік болғанын қалайды.
Айта кетейік, көпірді тұрғызуға командиттік серіктестік өз есебінен 2,5 млрд теңгедей қаржы бөліпті. Ауқымды іс қараша айына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Култанов Байболат