Мәдениет

Петропавлда “ҚымызFest” фестивалі өтті

1300 литр қымыз, 150 кг бауырсақ және 200 келі бесбармақ! Сенбі күні Петропавлда “ҚымызFest” фестивалі өтті. Дәстүрлі шара әдеттегідей жүздеген солтүстікқазақстандықтың басын қосты. Жерлестеріз думанды жиын барысында дертке дауа ұлттық сусынымыздан дәм татты, салт аттылардың шеруі мен концерт тамашалады және жәрмеңкеге қатысты.

Бұл – “ҚымызFest” фестивалі. Биыл Қызылжар төрінде 3-ші мәрте өтіп отыр. Жылдағыдай шараға келген халықта есеп жоқ. Олар үшін жәрмеңге ұйымдастырылған. Мұнда керектінің бәрі бар. Жұмсақ ойыншықтар, картиналар, естелік сыйлықтар. Барлығы да қолдан жасалған. Бастысы сөреге қойылған тауарлардың бағасы қалта қақпайды.

Көп кешікпей фестивальдің негізгі бөлімі де басталды. Ортада – “Туған жер” ансамблі. Талантты жастар мың бұрала би билеп, шараның сәнін келтірді. Театрландырылған қойылым да қойылды. Көпшілік алдына шыққан өнерпаздар қымыздың шығу тарихын баяндап, жұртшылық назарына ұсынды.

Ол, ол ма? Шара аясында салт аттылардың шеруі де болды. Өңір аудандарынан келген тақымды жандар Пушкин көшесі бойымен өтті. Түрлі ұлт өкілдерінің киімін киген жаяу жүргіншілер, балалар да қалыс қалмады. Ал ескі машиналар мен мотоциклдар тіпті керемет. Көлік рөліндегі адамдар дабылдатып, гүрілдетіп тұрғындарға тамаша эмоция сыйлады. Осы сәтте театр алаңында қымыз фестивалі де басталды. Әділ қазылар шатырларды аралап жүр. Бұл – Айыртау ауданының шатыры. Ләззат Әленова ұлттық сусынымыздың 5 бірдей түрін дайындап әкеліпті. Әзірлеу технологиясы ерекше. Нәзікжанды қымыз жасар алдында қайыңның қызыл жапырақтарын қайнатып, күбіге құйып, 1 тәулік сақтайды екен. Кейін, жуып, шиенің ағашы немесе тобылғымен ыстайды. Міне, осыдан соң арнайы ыдысқа бие сүті құйылады, пісіледі.

Ләззат Әленова – фестивальге қатысушы, Айыртау ауданы:

– Сүтті құйған сайын 100-200-ден пісіп отырамыз. Кешкісін 1000-1500 пісеміз. Сонда қымыз балдай тәтті болады.

Фестивальге алыстан ат терлетіп келген қонақтар да қатысты. Константин Степанов – Саха Республикасының тұрғыны. Ол якутиялық және қазақстандық қымызды ұзақ уақыт зерттепті. “Өнімдердің айтарлық айырмашылығы жоқ” – дейді мейман. Азаматтың қалпағы ерекше.

Константин Степанов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Якутск қаласы, Саха Республикасы, РФ:

– Бас киім жылқының жалынан жасалған. Қалпақ ыстық өткізбейді. Әрі жұмсақ. Қолымызда мынандай шашақ та бар. Ол аттың құйрық қылдарынан әзірленген. Бұл біз киетін, ұстайтын киімдердің, заттардың бір бөлігі ғана. Мұндай фестивальге қатысқанымына өте қуаныштымын.

Жалпы, биылғы “ҚымызFest” фестиваліне арналып 1300 литр қымыз, 150 кг бауырсақ және 200 келі бесбармақ әзірленіпті. Бұл өнімдердің бір бөлігі сатылды. Екіншісі жартысы тұрғындарға тегін үлестірілді. Жұрт мәре-сәре.

– Бесбармақ өте дәмді. Ауыз тидік.

– Немерелеріммен келдім. Қымыз іштік. Барлығы жақсы.

Тұрғындарға арналған базарлық бұл ғана емес. Жұртшылыққа билеттер сатылды, сол бойынша жерлестеріміз лотереялық ойынға қатысты. Бағы жанған үміткер бас жүлде, яғни тай жеңіп алды.

Култанов Байболат