Аптадағы маңызды жаңалықтар

Балалар құқығын қорғау бойынша арнайы жұмыс тобы өңірге келді

2019 жыл басталғалы бері теріскейде кәмелетке толмаған 2 жасөспірім зорланған, ал балалардың денсаулығына зақым келтірудің 4 фактісі анықталыпты. Бұл өңірде жеткіншектердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда кемшіліктердің бар екенін көрсетеді. Оларды жою үшін не істеліп жатыр? Мұны Солтүстік Қазақстанға ат басын бұрған арнайы жұмыс тобы анықтайды. 2 күндік сапар барысында сарапшылар қыруар шаруа атқармақ.

Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесінде қордаланып қалған проблемалар баршылық. Оларды шешу үшін елдің бас партиясы 18-ші съезінде “Бақытты отбасы” жобасына бастау берген еді. Оның басты бағыттарының бірі – жағдайы төмен жанұялардың тұрмысын түзеу. Өйткені, дәл осындай отбасылардағы балалар қаршадайынан жоқшылық пен тауқымет кешеді.

Ырысты Жұмабекова – “Nur Otan” партиясы жанындағы Балалардың құқығын қорғау республикалық кеңесінің консультанты:

– Астанада 5 қыз бала өртеніп кетті. Сұмдық қой! Елге ұят, бізге ұят! Өмір сүріп жатыр ма, жарайды, жүре берсін деп, ешкім қарамаған. Бір күні осындай жағдай болды.

Бұл жантүршігерлік оқиға көпбалалы отбасылардың жағдайына ел бойынша назар аударуға түрткі болды. Қазір мемлекет оларға көрсетілетін қаржылай көмектің мөлшерін біршама арттырды, жәрдемді қолжетімдірек етті.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Әлеуметтік қолдау жасы 1-ге толмаған баласы бар, көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек бала тәрбилеп отырған және асыраушысынан айырылған жанұяларға көрсетіледі. Мәселен, жыл басынан бері 5 мың теріскейлік отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Оларға орташа есеппен айына 80 мың теңгедей төленеді.

Бірақ, атаулы әлеуметтік көмек әрбір мұқтаж отбасына жетіп жатыр ма? Жұмыс тобы мүшелерінің бұл сұрағына жауап табылмады. Жалпы сандар жағдайдың жақсы екенін айтады, бірақ жан-жақты анализ жоқ.

Ырысты Жұмабекова – “Nur Otan” партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау репсубликалық кеңесінің консультанты:

– Нақтылық қайда? Қылмыстың алдын алу бойынша не істелініп жатыр? Еш нәрсе таппадық.

Ал бұл өте маңызды. Өйткені, жоқшылық жиі қылмысқа итермелейді. Мәселен, жыл басынан теріскейлік жасөсіпірімдер 18 рет заң бұзса, оның 11 фактісі – ұрлық пен тонау. Мәселеннің шешімі – жасөспірімдерді қосымша біліммен қамту деп санайды атқарушы билік. Бүгінде облыс оқушыларының 57 пайызы, ал бұл – 40 мыңнан астам бала үйірмелер мен секцияларға барады.

Татьяна Протопопова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыс бойынша 5 қосымша білім беру орталығы, 4 музыка, 1 сурет, 10 өнер мектебі бар. Былтыр петропавлдық балғындардың игілігіне Оқушылар сарайы берілді. 2800-ден астам үйірме мектептердің ішінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, 1800-ден астам спорттық секция бар. Бұл қосымша білім беру орындарының 80 пайызы балалар үшін тегін.

Ал балаларға қатысты жасалған қылмыстар ше? Тәртіп сақшыларының айтуынша, жыл санап олардың саны азайып келеді. Қанша дегенмен, қатігездік фактілері бар. Әсіресе, жеткіншектердің арын кірлету, зорлау өршіп тұр.

Сайран Сәркенов – СҚО ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Жыл басынан бері өңірде 16 жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсудің – 14, зорлаудың – 2, ал жас баланы азғырудың 1 фактісі әшкереленді.

Баланы ұрып-соғудың 4 фактісі анықталған екен. Ал анықталмағаны қаншама?! Жеткіншектің әке-шешеден, туған-туыстан, одан қалды ұстазы не тәрбиешісінен жұдырық жеп, жәбір көріп жатқанын қалай біліп жатыр полицейлер? Бүлдіршіндердің бәрі бірдей бұл жайлы тіс жарып айтапайды ғой. Осы орайда ведомствоаралық байланысты нығайту керек.

Ырысты Жұмабекова – “Nur Otan” партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау репсубликалық кеңесінің консультанты:

– Мысалы, білім беру басқармасында баланы ұрып-соғудың фактісі бар деген күдік болса, олар бірден полиция мен денсаулық сақтау органдарына хабарласуы керек. Кейін үш ведомство бірігіп, істің егжей-тегжейін анықтауы тиіс. Осының бәрі тез әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек.

Бала денсаулығын мектепте қадағалау да – өзекті мәселелердің бірі. Бір ғана мысал: 1-шы сыныпқа келген бүлдіршіннің денсаулық индексі 80 пайыз болса, 5-ші сыныпта ол 60-қа дейін төмендейді екен. Скалиоз, жалпақтабандық пен тірек-қимыл аппаратының сан алуан ауруларына бала партада отырып тап болады. Бұл дерттерді анықтау болса бүгінде ақсап тұр. Сөз жоқ, проблемалар бар. Бірақ, оларды шешу жолында теріскейде қандай шаруа атқарылып жатыр? Президент әкімшілігі құрған жұмыс тобы 2 күн бойы бұл сауалға жауап іздейтін болады.

Ырысты Жұмабекова – “Nur Otan” партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау репсубликалық кеңесінің консультанты:

 – Әрбір отбасына, сол отбасындағы балаларға қандай жағдай жасалып жатыр? Олардың құқығын қорғау үшін мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімшіліктің атқарып жатқан шаруасын байқаймыз. Сондай отбасындағы балалардың мектепе баратын, спортпен шұғылданатын мүмкіншіліктері бар ма? Денсаулықтары қандай? Соны анықтау керек.

Меймандар Петропавл мен 5 ауданда болып, 60-қа жуық нысанды араламақшы. Сапарлардың нәтижесі мен ұсынымдар қорытынды отырыста жарияланып, айтылмақ. Айта кетейін, Солтүстік Қазақстан – Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарынан кейін жұмыс тобы аялдаған 4-ші аймақ.

 

 

 

Саят Ермек