ТЖ

Өңір құтқарушылары жартыжылдықты қорытындылады

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында кезекті жиын ұйымдастырылды. Онда облыс құтқарушылары жартыжылдықты қорытындылады. Алты айдың ішінде өлкемізде 400-ге тарта өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 24 адам көз жұмыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 41 процентке көп. Ал су 17 тұрғынның өмірін қиды. Соңғы қайғылы жағдай 20 шілде күні қаламызда орын алған.

Өткен аптада ғана 1993 жылы туылған жерлесіміз су құрбаны болды. Ол достарымен бірге Есіл өзенінің жағасында көңіл көтеріпті. Ішімдік ішіп, рұқсат етілмеген жерде шомылған. Міне, осы сәтте тепсе темір үзетін жігіт суға батады. Оны жанындағылары іздейді. Бірақ, таба алмайды.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің жетекшісі:

– Бізге хабар түскеннен кейін тез арада оқиға орнына жетіп, іздеуді бастадық. Бірақ, бірден таба алмадық. Сөйтіп іздестіру шарасы 3 күнге созылды. Мұның нәтижесінде жігіттің денесі Борки кентінің маңында анықталды. Кеше осындай тағы бір қайғылы оқиға бола жаздады. Есіл өзенінің рұқсат етілмеген жерінде масаң күйде шомылған азамат батуға сәл қалды. Оған құтқарушылар көмек көрсетіп, аман алып қалды. Ережені сақтаған жөн. Ішімдік ішіп, суға түсуге болмайды. Арнайы орындарда ғана шомылыңыздар.

Жыл басталғалы өңірімізде су 17 адамның өмірін жалмаған екен. Оның 3-і бала. ТЖД мәліметінше, олар ересектердің қарауынсыз болған. Мамандар көз жұмғандардың көбі судағы қауіпсіздік ережесін сақтамаған дейді. Өкініштісі, өткен жартыжылдықтың статистикасымен салыстырғанда қайғылы оқиғалардың саны кемімеген екен.

Жалпы, облыс аумағында 60-қа жуық өзен мен 2 мыңнан аса көл бар. Ал, Есіл, Пестрое мен Үлкен Торанғұл солардың ең ірілері. Мұнда тынығушылар аса көп, сондықтан олар құтқарушылардың жіті бақылауында. ТЖД мамандары судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстап, тек рұқсат етілген жерлерде шомылу қажеттігін тағы бір қайтара ескертеді.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының оранбасары:

– Жыл басталғалы 580 патрульдік кезулер жүргізілді. Сонымен қатар 208 шомылуға тиым салынатын белгілер қойылды. Тағы бұқаралық ақпарт құралдары арқылы 33 бейнероликтер көрсетілді.

Ал өрт сөндіру қызметі мамандарының мәлімдеуінше жыл басталғалы облыс аумағында 378 өрт оқиғасы тіркелген екен. Ол былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5 пайызға арттық. Өкініштісі, жалынан қаза тапқандардың саны 41 процентке өсіпті.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

– Алты ай ішінде 24 адам өрттен көз жұмды. Ал, 13 тұрғын түрлі жарақат алды. Мұндай фактілердің басым бөлігі аудандарда көп кездеседі. Мәселен, жыл басталғалы Қызылжар ауданында – 121, Айыртауда – 48, Тайыншада – 26 өрт оқиғасы тіркелді. Ал, Мағжан Жұмабаевта – 32, Ғабит Мүсіреповте – 31 мәрте төтенше жағдай орын алды.

Статистика көрсеткендей, жалынның көбі тұрғын үйлерге тиесілі. Ал негізгі себеп – отпен абай болмау, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Міне, осы жайттар төтенше жағдайға алып келеді. Тағы, биыл өңірімізде автокөліктердің өрттенуі де жиіледі. Мысалы, жыл басынан бері теріскейде 52 темір тұлпар жаныпты. Келген шығын 8 млн теңгеден асады.

 

 

Ешкенова Дана