Мәдениет

Ұлттық өнерді ұлықтаған жан

7-ші маусым – Ұлттық домбыра күні! Атаулы дата қарсаңында арнамыздың түсірілім тобы жергілікті күйші Серікбай Құсайыновпен жүздесті. Кездесуде сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал / атадан балаға мирас болған музыкалық аспаптың қасиетін, мәні мен маңызын айтып берді. Төл туындысын да орындап, жүрек қылын тербетті.

Күй атасы Құрманғазы. Оның қос ішектен төгілген қоңыр саздары жүректі елжіретпей қоймайтыны рас. Мұны өмірінің 60 жылын күйге арнаған Серікбай Құсайынов жақсы біледі. Жерлесіміз домбыра тартуды небәрі 9 жасында үйреніпті. Күй құдіретіне бас иетін жан талай уақыт өтсе де ұлттық аспапты қолынан еш тастаған емес.

Серікбай Құсайынов – күйші:

– Қазақтың мұңын, шерін, қайғысын, қуанышы мен шаттығын, бар толғанысын бейнелейтін – домбыра. Домбыраның қасиеті күшті. Мен ол аспаппен егіз туған сияқтымын. Өмір бойы домбырамен серіктес болдым. Талай шәкірт тәрбиеледім.

Қара шаңырақтың төрінен қасиетті домбыраның түр-түрін байқауға болады. Атамыз оның әрқайсысын қазынадай сақтайды. Әр аспаптың атауы мен өзіндік ерекшеліктері бар екен.

Серікбай Құсайынов – күйші:

– Оркестрда орындалатын домбыраның түрлері көп. Қолымдағы домбыраны прима деп аталады. Одан басқа альт, тенор және контрабас дегендері де бар.

Өнерлі жан – бірнеше туындының авторы. Ол «Бейбітшілік» атты мына бір күйін еліміз егемендігін аңсап жүрген жылдары жазыпты.

Серікбай Құсайынов ұзақ жылдар бойы атадан балаға мирас болып қалған мәдени мұраны дәріптеп келеді. Кезінде өңірде ең алғаш күй мектебін ашып, талай домбырашы тәрбиелеген. Қазірде шәкірттерінің көбісі елге қызмет етеді.

Биыл Серікбай Құсайынов 82 жасқа толады. Зайыбы екеуі 3 баладан немере-шөберелер сүйіп отыр. Күйші ұлттық өнерді ұрпағына да үйретіп жүр.

 

 

 

 

Маржан Касымбек