Кешкі жаңалықтар

Арнайы шығарылым 6.07.19

Байболат Бектемірұлы – тілші:

– Бүгін 6 шілде – сәулетті қала, еліміздің мақтанышы, астанамыз – Нұр-Сұлтанның туған күні. Солтүстікқазақстандықтар Елорданың төл мерекесін жылда дүркіретіп атап өтеді. Биыл да солай болды. Жерлестеріміз таңсәріден басты алаңға жиылып, жауған жаңбырға қарамастан тойлап жатыр.

Керемет мерекеде Петропавл одан әрі құлпыра түсті. Басты алаңға астанамыздағы көне Иманов көшесіндегі үйлердің макеті қойылыпты. Түрлі-түсті декорация елордамызды көз алдымызға елестетіп, сыр шертіп тұрғандай. Шатырлар да тігілген. Олардың бірінде кітаптар саудаланып жатыр. Мұнда келген жандар жаңбырға қалмай туындылармен таныса алады.

Дарина Нұралина – қала тұрғыны:

– Көңіл күй керемет. Концерт көруге келіп едік. Жаңбыр жауып тұр. Жаңбыр жауып тұрғанда кітаптарды оқып, көріп жатырмыз.

Алайда, көп кешікпей мерекелік концерт те басталды.

Кеш шымылдығын жергілікті әншілер ашты. Олар елорда туралы құлақтың құрышын қандыра әндер шырқады. Бишілер де өнер көрсетті. Кейін, кезек “Arizona show Group” ұжымына келді. Елордалық топтың жалынды жастары мың бұрала билеп, дүйім жұртты тәнті етті.

Мерекеде петропавлдықтарды “Домино” тобы да құттақтай келіпті. Олар концертте көпшілікке танымал, өздерінің бірнеше хит әндерін орындады. Жастар жағын билетті.

Шолпан Бейсенова – “Домино” тобының әншісі:

– Әр жыл сайын Петропавлға келеміз. Осы қала ұнайды. Мерекемен құттықтаймыз.

Сахнаға қара күштің иесі Сергей Цырюльников те шықты. Бұл жігіт нағыз шоу жасады. Ол 10 табаны / қалыңдығы 3 см-ді құрайтын тақтайға қолмен шегелемек. Иа, өте қиын тапсырма орындамақ.

Азамат көп бөгелмей іске кірісті. Ол шегені таба мен тақтайдан еш қиындықсыз өткізіп жатыр. Сергей тапсырманы 1 минут 48 секундта орындады. Осылайша әлем рекордын жаңартты.

Сергей Цырюльников – күш қолданатын нөмірлер арасындағы 4 дүркін әлем рекордшысы:

– Маған дейін бұл тапсырманы ресейлік жігіт “Я могу” шоуында 2 минуттың ішінде орындап, әлем рекордын тіркеді. Бүгін мен сол рекордты Петропавлда жаңартып отырмын. Айтарлықтай дайындалған жоқпын. Жаттығу кезінде аздап жарақат алғам. Онда шеге тақтайдағы бұтаққа тиіп, кірмеген еді. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын.

Іс-шара мұнымен аяқталған жоқ. Ортада басқада әнші-бишілер өнер көрсетіп, мерекенің сәнін келтірді. Жерлестеріміз мұндай концерттің ұйымдастырылғанына рән риза.

– Тек қана жақсылық болсын. Бүгінгі ауа райына қарамай халық келді. Қуаныштымыз.

– Көңіл күйіміз жақсы. Концерт тамаша өтіп жатыр. Әндер, билер баршамызға ұнады.

Култанов Байболат

*****

 

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Елорда тойы – елдің тойы! Дәл қазір орталық алаңда мерекелік концерт өтуде. Сәні мен салтанаты келіскен шарада “Қазақстанның үздік тауары” атты көрме байқауы да ұйымдастырылған. Көрмеге 55 жергілікті тауар өндіруші қатысуда.

Араларында машина жасау, өнеркәсіп, экономика, құрылыс, қолөнер бұйымдары және азық-түлік өндірісі салаларының өкілдері молынан. Мәселен, Саят Құдайбергенов – ағаш шебері. Ол сүйікті ісімен 15 жыл бойы айналысып келеді. Бұл өнер аталарынан дарыған екен. Ағайынды бауырларының барлығы ағаштан астау, бесік, сандық және басқа да тұрмыстық бұйымдар жасайды. Бүгінгі көрмеде қолынан бал тамған шебер халықтың назарына астаудың түр-түрін ұсынды.

Саят Құдайбергенов – ағаш шебері, М.Жұмабаев ауданы:

– Осы астаулар жылқы бас, қошқар бас дегендей барлығы қайыннан жасалады. Негізі бір ай уақыт істелінетін жұмыстар.

Мұнда нарыққа шыққанына бірнеше жыл болған кәсіпорындар мен енді ғана танылып жүрген өндіріс орнының өнімдерін көруге болады. Айта кетерлігі, олардың арасында “Бастау бизнес” жобасының түлектері де бар. Солардың бірі – Жұлдыз Кененбаева. Ол 2007 жылдан бері қолөнермен айналысады. Дегенмен, жуырда нәзікжанды ісін одан әрі кеңейту үшін бір ай бойы кәсіп жүргізудің қыр-сырын меңгерген екен.

Жұлдыз Кененбаева – қолөнер шебері, М.Жұмабаев ауданы:

 – Бастау бизнесті оқып бітіргенен кейін, кәсбімді одан әрі кеңейтудемін. Тек Петропавлда ғана емес Қазақстан бойынша өнерімді танытқым келеді.

Жалпы, “Қазақстанның үздік тауары” көрме-байқауы үш аталым бойынша жыл сайын ұйымдастырылады.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Қатысушылар “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар”, “Халыққа арналған үздік тауар” және “Үздік азық-түліктік тауар” бойынша сынға түседі. Байқаудың қорытындысы бойынша барлығы 3 жеңімпаз анықталады. Кейін, республикалық конкурста олар Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.

Көрмеден бөлек, қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік концертті де тамашалады. Сахнаға шыққан жезтаңдай әншілер елордаға арналған туындыларын шырқаса, мың бұралған жастар би билеп, тойдың сәнін келтірді.

– Бәріне де ең бастысы, зор денсаулық тілеймін. Еліміз көркейе берсін.

– Барлық қазақстандықтарды бас қаламыздың туған күнімен құттықтаймын. Көңіл-күйіміз керемет. Жаңбырлы ауа райына қарамастан отбасымызбен мерекелік концертті көруге келдік.

Ешкенова Дана

 

*****

Эльмира Сәдуақасова –тілші:

– Болашаққа жолдау және 2019-дан жалынды сәлем! Петропавлда уақыт капсуласы жасалды. Оның ішіне өңірдің дамуына белсенді атсалысып жүрген кез келген адам өзінің арман-тілектерін жазған бір парақ қағазды сала алады. Бұл мүмкіндікті біз де өткізіп алмадық.

Көркейе бер, нығая бер, гүлдене бер, Нұр-Сұлтан. Тілектер бүгінгі туған күн иесі, 21 жасқа келген Елордамызға арналған. Бұның барлығын ізгі ниеттерімен тұрғындар қағаз бетіне түсіріп, капсуланың ішіне салып жатыр. Тарихи-өлкетану музейінің алаңы құдды бір жылы лебіздер мекеніне айналғандай. Мұнда жүректен шыққан сөздерді жазуға арналған баннер да, алма ағашы да қойылған.

– Бұл менің туған қалам. Біз отбасымызбен Америкаға қоныс аударып жатырмыз. Сондықтан, капсулаға өзімнің шаһарға деген махаббатымды жазған қағазды салдым. 30 жылдан кейін міндетті түрде оралып, балаларыма Отандарын, Петропавлды көрсеткім келеді. Еліміз гүлденіп, көркейе берсін.

– Біз астанамызға жиі барып тұрамыз. Балаларға ұнайды. Барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Жасай берсін!

Құты тура 30 жылдан соң ашылады. 3-ақ ондық. Бірақ, елімізде бірнеше айдың өзінде орын алатын ауқымды шараларды ойласақ, 2049-дағы Қазақстан қандай болар екен? Өзінің ойы және арманымен ақын Аманжол Зағыпар бөлісті.

Аманжол Зағыпар – ақын:

– Осыдан 30 жылдан кейін тәуелсіздігі тұғырлы, берекесі берік, егемендігі іргелі, көк туы көк аспанның астында желбіреген елімізде бейбітшілік заман болады деген сенімдеміз.

2049-да болатын салтанатты шараға бүгінгіден екі-үш есе көп адам қатыспақ. Себебі, азаматтардың барлығы отбасыларын ертіп, бозбала шақтарын еске алмақ ниетте. Алмагүл Тастанова да қазір өзінің арман-тілектері мен болашаққа сәлемін жазып жатыр. Тура 30 жылдан кейін жалынды жас тарихи-өлкетану музейіне қаламы қарымды журналист, ақиқатты жырлайтын ақын ретінде келемін дейді.

Алмагүл Тастанова – жас ақын:

– Бас қаламыз Нұр-Сұлтан қаласының күнімен құттықтаймын. Қазақ елі мәңгі жасай берсін. Бүгін шынымен тарихи сәт. 48 жасымда келіп, жастық шағымды еске аламын.

Мерекелік шараға конькимен жүгіруден спорт шебері Роман Креч те ортақтасты. Ол да тарихи сәттің бір куәгері болып өзінің болашаққа деген жолдауын қалдырды. Бірақ, арман-тілек, құттықтау емес, ол 2049-дың жастарына ағалық ақыл-кеңесін жазыпты.

Роман Креч – Олимпиада ойындарының қатысушысы:

– Ең бастысы – қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, әрдайым алға ұмтылу қажет. Өздеріңізді тұлға ретінде дамытып, жан-жақты білімді болып, елдің дамуына үлестеріңізді қосыңыздар. Қазақстан Республикасының жарқын болашағы – біздің қолымызда!

Бірнеше минуттан кейін болаттан жасалған капсула 30 жылға жабылады. Соңғы тілекті жазу мәртебесі облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевке бұйырды.

Руслан Әлішев – Солтүстік Қазақстан облысының әкімінің орынбасары:

– Акцияға қолдау білдірген әрбір жанға алғысымды білдіремін. Әсіресе, мына балғындарға рахмет айтқым келеді. Бұл – біздің болашағымыз, ел патриоттары. Балалар арман-тілектерін, мақсаттарын қағаз бетіне түсірді, яғни Қазақстанның алдағы тағдырына деген жауапкершіліктерін көрсетуде. Осындай ұрпақ барда мемлекетіміздің нығаятыны сөзсіз.

Жиналғандар кейін естелік фото жасап, оны да капсуланың ішіне салды. Енді бұл суретті көру мүмкіндігі тек 2049-да бұйырмақ. Шара қатысушылары 30 жылдан кейін Нұр-Сұлтан қаласының туған күнінде дәл осы жерде кездесейік деп серттесті.

Эльмира Садвокасова

 

*****

Ноғайбай – қара қылды қақ жарған қазақ елінің атақты 4-ші биі. Ол жастайынан-ақ көсем атанып, ел арасында туындаған даудың әділ шешімін тапқан. Мағжан Жұмабаев ауданында дүниеге келген жерлесіміздің биыл 185 жылдығы тойланып отыр.

Жарасбай Сүлейменов – журналист, жазушы, СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры:

– Біз осындай ұлы адамдардың даналығын, атқарған қызметін, жастардың бойына сіңіріп өсіруіміз керек. Міне, сонда ғана еліміз алға қойған мақсаттарына оңай жететін болады.

Ноғайбай би туралы жазылған мәліметтер көп емес. Дегенмен, 4 айлық тынымсыз ізденіс пен талпыныстың арқасында көсем жайлы баяндалатын пьеса жарық көрген. Шығармада қоғам қайраткерінің өмірі мен ел ішінде атқарған қызметтері баяндалады. Туындыны мәдениет қайраткері Болат Мамытбеков жазған.

Болат Мамытбеков – “Ноғайбай би” пьесасының авторы, мәдениет қайраткері:

 – Елбасының саясаты арқасында, тарихтағы талай тұлғалар қайта жаңғырды. Солардың бірі-Ноғайбай.

Іс-шарадан С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлары да қалыс қалмаған. Жақындаға ғана 20-шы театр маусымын жапқан ұжым Болат Мамытбеков жазған пьеса желісімен сахналық қойылым әзірлепті.

Оқиға осыдан шамамен бір жарым ғасыр бұрын орын алған. Ноғайбай биге Қызылжар өңірінен сұмдық хабар жетеді. Көсемнің көмегіне жүгінген жұрт елдің жүзін жерге қаратқан Айтбайдың әйелін жазаға тартуын сұрайды. Өйткені, ол орыс жігіті Степанмен бірге ұсталыпты.

Степан су іздеп құдық қазады. Шұңқырдың тереңдігі соншалық ішінен шыға алмай қалады. Айналасынан көмек сұрап, айғай салғанын жақын маңда жүрген келіншек естиді. Кейін ол құдыққа арқан тастап, жігітті жоғары көтере бергенде өзі де құлап кетеді. Оны көрген жұрт екеуінің де басын жазықсыз дауға қалдырады.

Ноғайбай би екі тарапты да тыңдап, оқиғаның мән-жайын анықтайды. Ол екеуінің де жазықсыз екенін дәлелдеп, бастарын өлімнен арашалаған.

Ноғайбай би өзінің көптен озған көсемдігі мен тауып айтқан шешендігінің арқасында елге елеулі, халқына қалаулы жан болған. Ол қазақ жұртының бірлігі мен тыныштығын сақтауға үлес қосқан.
Ноғайбай бидің өмірі баяндалатын сахналық қойылымды тамашалауға Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылынан бидің бесінші ұрпағы келді.

Алтынбек Сапаров – Ноғайбай бидің ұрпағы:

– Бүгін өте маңызды керемет әрі қуанышты күн. Келгендердің барлығына алғысым шексіз. Олар – біздің бабаларымыз. Тәуелсіздік алып жатқан жылдары үлкендеріміз Ноғайбай бидің қандай адам болғанын жасырын болса да айтқан болатын. Соның бәрі есімде.

Спектакльде басты рөлді С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаевтың өзі сомдады.

Мәдениет ошағының көркемдік жетекшісі Фархат Молдағалиевтің айтуынша ұжым қойылымды дайындауға бір жарым ай еңбектеніпті.

Фархат Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік-жетекші:

 – Бір жарым ай тоқтаусыз жұмыстың нәтижесінде бүгінгі премьераға жетіп отырмыз. Мұнда біз Ноғайбай бидің тағдырын көрсету арқылы сол жылдардағы күллі қазақ елінің өмірін баяндадық. Қойылымға 20-дан астам актер, 7 музыкант және сахна сыртында 20-ға жуық адам еңбек етуде. Спектакльде басты рөлді театр директоры сомдады.

Айта кетейік, теріскейліктер “Ноғайбай би” спектаклін қазан айынан бастап тамашалай алады.

 Маржан Касымбек