Қоғам

Жас мемлекеттік қызметшілер арасында жайдарман ойыны өтті

Қалжыңы жарасқан қызметкерлер әзіл айтысып жарысты. Петропавлда медицина мамандары мен тәртіп сақшылары арасында жайдарман ойыны өтті.

Қатысушылар таныстыру, 5 жаңалық және үй тапсырмасы сынды кезеңдерде сынға түседі. Қатысып отырған 4 құраманың екеуі мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан келіп отыр. Солардың бірі – аппарат басқармасының қызметкерлері.

Қанат Жұмабеков, СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасының штаб инспекторы:

– Осы мейрамға біз командамыз екі жұмадай дайындалдық. Енді жеңеміз деген ойдамын. Үй тапсырмасына екі қойылым дайындап келдік. Екеуі де тақырыпқа сай. Яғни полиция және медицина туралы.

Ал мына құрама сахнаға алғаш шығып отыр. Олар – “Денсаулық” жеке меншік коммерциялық емес мекемесінің мамандары. Бірінші рет өнер көрсетіп жатқан ұжым бойларында толқу да, қуаныш та бар екенін жасырмады.

Лариса Михалева, “Денсаулық” жеке меншік коммерциялық емес мекемесінің дәрігері:

– Әзірге, тек бірінші айналым аяқталды. Әзілдеріміз негізі медицина саласы турасында. Бұл шараға дайындық барысы да қызыққа толы болды. Қарсыластарымыз осал емес екен. Кімнің жеңіске жетері белгісіз, дегенмен барлығына сәттілік тілеймін.

Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жайдарман ойындары қалада алғаш ұйымдастырлып отыр. Негізгі мақсат мекемелердің арасындағы байланысты нығайту дейді ұйымдастырушылар.

Әлия Абельманова, СҚО ПД кадр бөлімінің бастығы:

– Бүгінгі шара денсаулық сақтау қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылды. Сайысқа қатысушылардың басым бөлігі – жас мамандар. Әр құрама жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатыр.

Нәтижесінде мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 1-ші батальонының командасы үздік атанды. 2-ші орынды “Денсаулық” мекемесінің құрамасы иеленсе, үздік үштікті мамандандырылған күзет қызметі басқармасы аппаратының қызметкерлері тұйықтады.

Актолкын Солтанханкызы