Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдық

Кеше елорда төрінде кезекті Үкімет отырысы өтті. Алқалы жиын барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімі бекітілді. Жаңашылдық аясындағы жұмыстар келер жылдың 1-ші қаңтарынан басталмақ.

2015 жылдың қараша айында елімізде міндетті медициналық сақтандыру заңы қабылданды. Содан бастап осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Яғни, сала мамандары жаңашылдықты құру, іске қосу төңірегінде көп еңбек еткен. Осылайша халыққа жәрдем берудің 2 түрі қабылданды. Олардың біріншісі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі болса, екіншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Қос пакеттің айырмашылығы қандай?

Лариса Гордеева – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін еліміздің барлық азаматтары пайдалана алады. Оның құрамына жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық және паллиативтік көмек кіреді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар, созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындарға да осы пакет шеңберінде қолдау танытылады. Яғни, оларға консультативтік-диагностикалық және жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетіледі.

Бұл әлі соңы емес. Тағы, бірінші пакетке адамдарды амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі кіреді. Енді, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне келейік. Аталған жаңашылдық аясында кімдерге көмек көрсетіледі? Ол да баспасөз брифингі барасында сөз болды.

Лариса Гордеева – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Екінші пакетке консультативтік-диагностикалық жәрдем, бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлері кіреді. Тағы, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке енгізілмеген сырқаттар бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету енеді. Сонымен қатар, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын ем-дом түрлері қамтылады.

Тағы, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар да осы пакет құрамында. Айта кетейік, қос жаңашылдық биыл Қарағанды облысында сыналмақ. Егер де қандай бір кемшіліктер анықталса, ол жылдың соңына дейін түзетілуі қажет. Себебі, 2020-ның 1-ші қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылмақ.

Култанов Байболат