Мәдениет

“Сарыарқа” кешенді этнографиялық экспедициясы бастау алды

Күндер өтіп, жылдар жылжыған сайын материалдық емес мәдени мұрамыз жойылып бара жатыр. Осыны жаңғырту, көпке үлгі ету мақсатында өңірімізде “Сарыарқа” кешенді этнографиялық экспедициясы бастау алды. Шара қатысушылары Уәлиханов және Есіл аудандарына сапар жасап, жергілікті тұрғындармен жүздеспек.

Солтүстік Қазақстан – тарихтан шыр шертетін құтты мекен. Өңірімізде сонау ғасырлар бұрын асауға алғаш рет ауыздық тағылды, Айғаным қонысы салынып, ел қорғаған батырлардың ескерткіштері тұрғызылды. Одан бөлек, есімі алтын әріптермен жазылып қалған адамдар дүниеге келді. Мұның бәрін жақсы білеміз. Алайда, таныс емес орындар, деректер де жетіп жатыр. Мәселен, материалдық емес мәдени мұраны кейбіріміз білмейіз. Яғни, ата-бабамыз тұтынған тағамдардан, қолданған дүниелердің көпшілігінен хабарымыз жоқ. Осыны жандандыру, көпке үлгі ету мақсатында өлкемізде Сарыарқа кешенді этнографиялық экспедициясы өткелі отыр.

Назым Мәлібаева – ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері:

– Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Корея елдерінде бұл жұмыс реттелген, бір жүйеге келтірілген. Ал біздің Қазақстанда материалдық емес мәдени мұра мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан да осы істі ҚР Ұлттық музейі бір жүйеге келтіреді деген сенімдеміз.

Аймағымыздағы материалдық емес мәдени мұра қалай жанданбақ? Ол үшін ҚР Ұлттық музейінің өкілдері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттерімен бірлесіп Уәлиханов және Есіл аудандарына сапар жасайды. Онда қаймағы қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдарды аралап, көпті көрген ата-әжелерімізбен кездеседі. Жүздесу барысында жерлестеріміз киім-кешек тігу, алаша тоқудың технологиясын үйретпек. Тағы, өзге өңірлерде жоқ тағам түрлерін жасауды көрсетеді. Ондай дәмдер теріскейде жетерлік екен.

Назым Мәлібаева – ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері:

–  Бұл жерде басқа өңірлерде жоқ құрт – “Жидек құрт” бар. Оған жидек қосылады, түсі қоңырлау болады. Соны басқа өңірлерге көрсеткіміз келеді.

Шынымен де теріскейде көпшілікке таныс емес тағам түрлері өте көп. Былтыр ҚР Ұлттық музейінің мамандары облыста болып, 200 бірдей тамақтың жасалуын анықтапты. Биыл олардың қатары арта түсуі мүмкін. Оларды зерттеуге университетте азық-түлік өнімдерінің технологиясы мамандығында оқитын жастар көмектеседі.

Ақбөпе Түймебай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Тарихтан да белгілі ет тен сүттен жасалатын тағамдар жойылып барады. Соларды зерттеу үшін экспедицияға бара жатырмын. Маған қызық.

Жалпы, Сарыарқа кешенді этнографиялық экспедициясы 20 күнге жалғасады. Одан кейін шілде айында тағы бір сапар болады. Онда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмек.

Култанов Байболат