Музыка

Петропавлда “Ұлы дала ұландары” атты концерт өтті

“Ұлы дала ұландары”. Петропавлда осындай атаумен 3 күн қатарынан ҚР Ұлттық ұланы ән-би ансамблінің концерті өткізілді. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы ат терлетіп келген меймандар жиналғандарды өнерімен тәнті етті.

ҚР Ұлттық ұланының ән-би ансамблі осыдан 27 жыл бұрын құрылған. Қазіргі кезде құрамада ерлер хоры, вокалшылар, бишілер мен фольклоршылар тобы бар.
Ұжымға Дархан Рахымғалиев дирижерлік етуде. Әскери азамат қос кәсіпті қатар алып жүр. Өнерлі жан мұндай шара адам бойындағы отансүйгіштік сезімін оятатынын айтады.

Дархан Рахымғалиев – ҚР ҰҰ ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бұндай концерттер жастар бойындағы патриоттық сезімді оятады деп ойлаймын. Себебі, өзін азамат ретінде санайтын ер адам Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс. Ал бұл концерттен Ұлттық ұланның қандай қызмет атқарып жүргенін көре алады.

Жиында қаламыздың белді тұлғалары ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының алғыс хаты және төсбелгісімен марапатталды.

Профессор Зарқын Тайшыбай көп шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде оның бірталайы әскери журналистика саласында тер төгіп жүр. Ұстазға қажырлы еңбегі үшін «Қазақстан құқық қорғау әскеріне – 25 жыл» төсбелгісі табыс етілді.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– Мен осы журналист мамандарын дайындау бойынша ширек ғасырдан бері жұмыс атқарып келемін. Алғашқы шәкірттерім қазір полковник, подполковник шеніне жетті. Ішінде білімді ұл-қыздар көп.Петропавлдағы Ұлттық ұланның әскери мектептерімен тығыз байланыстамын. Курсанттарға сабақ беремін.

«Ұлы дала ұландары» атты концертте өнерпаздар әскери және эстрадалық әндерді заманауи нақышқа келтіріп орындады. Жанды дауыста шырқалған әуендер көрермендердің көңілінен шығып, қошеметін иеленді. Ұйымдастырушылардың сөзінше концерт еліміздің бірқатар қалаларында өткізіледі деп жоспарлап отыр.

Мұхаметқали Сатов – ҚР ҰҰ Бас қолбасшысының орынбасары:

– Ақмола облысында болдық енді, СҚО-ға табан тіредік. Қазір біздің жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бірінші тапсырмасын тапсырды. Ол – жастарды тәрбиелеуде үлкен жұмыс өткізу. Осыған орай біз әдейілеп келіп қалдық.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық ұланы ән-би ансамбліне 100-ге жуық өнерпаз мүшелік етеді.

Маржан Касымбек