Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы

Өңір аудандарында көпқабатты үйлер бар, ал пәтер иелерінің кооперативтері жоқ. Салдарынан, баспаналар күтім көрмей, тозуда. Осы бағытта шаруа тындырмай отырған аудан атқамінерлерін Құмар Ақсақалов облыстық әкімдік отырысында сынға алды.

Жиын кадрлық ауыс-түйістен басталды. Облыстық қорғаныс істері департаментіне жаңа басшы келді. Бұл лауазымға Талғат Әліқұлов тағайындалды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Мамандығы – заңгер. Еңбек жолын ОҚО-да бастады. 2012-2013 жылдары ОҚО Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, ал 2013 жылдан бастап бүгінге дейін ОҚО Қорғаныс істері департаментінің бастығы қызметін атқарды.

Отырыста қаралған алғашқы түйткіл – пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы. Облыс бойынша көпқабатты үйлердің саны 1800-ге жуықтайды. Олардың небәрі 35 процентінде кооперативтер жұмыс істейді екен. Қалған баспаналар басқарусыз тұр. Облыс орталығы бойынша сандарды шаһар басшысы Болат Жұмабеков сөйлетті.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Қала бойынша тұрғын үй қоры 1704 көпқабатты үйден тұрады. Қолданысты басқару түрімен 582 үй қамтылған және 358 үй жауапты адам арқылы ұсталады. Қалған 134 – иесіз. Қала бойынша күрделі жөндеуді талап ететін кондоминимум объектілерінің үлесі 22 пайызға азайды.

Қалада шаруа тындырылып жатса, кей аудандарда, керісінше, мүлде тоқтап тұр. Мәселен, Ақжар, Аққайың, Жамбыл және Уәлиханов аудандарындағы баспаналардың бір де біреуінде басқару жоқ екен. Ал бұл неге әкеп соқтырады? Күтімнің болмауынан тұрғын үйлер тозады. Сондықтан, Құмар Ақсақалов жоғарыда аталған аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өзің кәдімгідей қолға алмасаң, солай бола береді. ПИК ашыңдар! Адамдарға көмектесу керек. Кішкентай ғана 2 қабатты үйлер бар ғой, солардың аумақтарын мемлекет бюджеті есебінен дұрыстауға болады ғой қаладағы сияқты.

Таяқтың екі ұшы бар емес пе?! Көр жағдайда кооператив ашуға тұрғындардың өздері құлшынбайды екен. Басқару болған жағдайдың өзінде, ұйымға айлап ақша төлемейтіндер де бар. Ақша демекші, кооперативке тұрғындар ай сайын жарна аударып тұруы тиіс. Жиналған қаражат баспанаға қызмет көрсетуге жұмсалады. Алайда, кей төрағалар ақшаны алуын алып, шығындар бойынша есеп бермейді екен. Қысқасы, жұмыс ашық жүргізілмейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әрбір адам қанша ақша төлегенін, бұл қаржының қандай бағыттарға жұмсалғанын біліп отыруы керек. Заң бойынша әр кооперативтің жеке шоты болуы тиіс. Бірақ, кей төрағалар оны ашпайды, тұрғындар алдында есеп бермейді. Маған осы турасында шағым көп түседі. Мұндай алақол төрағаларды алып тастау керек.

Бірақ бес саусақ бірдей емес деді Құмар Ақсақалов. Шаруаны тиісті деңгейде атқаратын төрағалар баршылық. Солардың бірі – Александр Васильев. Ол қызмет көрсететін үйдің тұрғындары кіріс-шығыстың бәрінен хабардар.

Александр Васильев – Горький көшесі, 179 тұтынушылар кооперативінің төрағасы:

– Мен Горький көшесіндегі 179-шы үйдегі кооперативке төрағалық етемін. 6 жыл бұрын біз тұрғындарымен ақылдасып, жинақ қорын аштық. Пәтердің бір шаршы метрі үшін азаматтар небәрі 15 теңге төлейді. Жылына 1 млн 200 мың теңге жиналады. Осының арқасында, 11 подъезді бар 150 пәтерлік баспанамыз күрделі жөндеу көрді. Ұйымның арнайы сайты да бар. Кез келген тұрғын кіріп, бақылау жүргізе алады. Бәрі ашық.

Міне, ПИК-тердің барлығы осылай жұмыс жасауы тиіс деді өңір жетекшісі. Жеделсатылар. Тағы бір өзекті мәселе. Олардың саны 300-ден асады шаһарда. 178-і жөндеуді не ауыстыруды талап етеді. Бірақ бұл – қатардағы тұрғындар үшін тым қымбат. Сондықтан, алдағы уақытта шаруаға облыс қазынасынан қаржы бағыттау жоспарда. Айта кеткен жөн, тұрғын үйлерге қызмет көрсету саласын алда күрделі реформалар күтіп тұр. Бүгіндері жаңа заңнама әзірленген. Болашақта ПИК-тер жойылып, орнына мүлік иелерінің бірлестігі келуі мүмкін. Аталмыш құжаттың жай-жапсарын түсіндіру үшін жуырда өңірге халық қалаулылары келмек.

Талқыға түскен екінші сауал – ҰБТ-ға дайындық. Мектеп тәмамдаған түлектердің маңызды сынағы жақындап келеді. Солтүстік Қазақстанда тестілеу маусымның 24-і мен 26-сы аралығына жоспарланған.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Түлектердің әзірлігін тексеру мақсатында 20 алдын ала тестілеу өткіздік. Мамыр айындағы көрсеткіштер бойынша өңірдегі орташа ұпай – 78,5 құрады. Бұл әрине төмен. Сондықтан, дайындық барысын қатаң бақылауымызда. Облыс түлектері ҰБТ-ны 8 пунктте тапсыратын болады. Мұнда камералар, ұялы байланысты өшіру құрылғылары сынды қажетті жабдықтардың бәрі бар.

ҰБТ форматы биыл сол қалпы қалды.Алайда, сынақ енді бір жылда 4 рет өткізілетін болады. Мәселен, 2700 шақты түлек тестілеуді қаңтар мен наурыз айларында тапсырды. Алайда, олар оқуға тек ақылы түрде ғана түсе алады. Гранттан үмітті жастар сынақты маусымның соңында тапсырады. Ал, шекті бал ала-алмағандардың емтиханды тамызда қайта тапсыру мүмкіндіктері бар. Бірақ, мұндай мүмкіндік 2242 теңге тұрады. Құмар Ақсақалов ұйымдастыру мәселесіне жіті көңіл бөлуді тапсырды. Сөзінше, ҰБТ – бұл жасөсіпірім үшін стресс. Сондықтан, емтиханды өткізу барысында баланың психикасына зақым келтіріп алмау маңызды. Сондай-ақ әкім түлектерді өзге елдерге жібермей, өзімізде қалдыру маңыздылығын алға тартты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-15-17-ші жылдары біздің түлектер шетелдік ЖОО ағылды. Мектеп бітіргендердің 20 пайызы шетелге білім қуып кетіп жатты. Бұл, әрине, әркімнің өз таңдауы. Алайда, жастарды өзімізде қалдыруға тырысу керекпіз. Өткен жылы талапкерлердің біразын алып қалдық. Себебі, гранттардың саны 3 есеге артты. Биыл осы жұмысты жалғастыру қажет.

Жиын соңында аймақ басшысы атқарушы билікке қымбат автокөліктер сатып алуды доғару керектігін айты. Өйткені, жуырда қала әкімдігі бұл іске 23 млн теңгежұмсамақшы болған. Алайда, тиісті органдар іске уақытылы кірісіп, сауда жасалмады. Өңір жетекшісі бұл қомақты қаражатты азаматтардың түйткілдерін шешуге жұмсау қажет деп тапсырды.

 

Саят Ермек