ТЖ

Саумалкөлде «Мегастрой» сауда орталығы түгелдей жанып кетті

Кеше Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде ірі өрт оқиғасы орын алды. Нәтижесінде мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан «Мегастрой» сауда орталығы түгелдей жанып кеткен.

Бұл видеодан өрттің енді ғана тұтанғандығын көруге болады. Оны сауда орталығының ішінде жүрген жандар түсірген. Кейін барлығы жапа тармағай сыртқа шыға бастапты. Сөйтіп, 62 адам өз өмірлерін құтқарып қалған. Мамандар қызыл жалын жайлы тым кеш хабар берілді деп отыр. Өйткені, куәгерлердің сөзінше, сауда орталығы 5 минутсыз 5-те тұтана бастаған. Ал ол туралы ақпарат өрт сөндіру бөліміне тек 5-тен 8 минут кеткенде келіп түскен. Құтқарушылар оқиға орнына 4 минутта жетіпті.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Оқиға орнына бірден №7 өрт сөндіру бөлімінің 2 бірдей техникасы жіберілді. Тағы отты ауыздықтауға Айыртаудағы элеватор, «Көкшетау» ұлттық паркі, Арықбалық ауылы мен «Фотон» серіктестігінің өрт сөндіру бөлімдері көмектескен. Сөйтіп, барлығы 8 бірлік техника мен 34 адам жұмылдырылған.

Өрт сөндірушілер отпен 2,5 сағат бойы арпаласыпты. Өйткені, 1 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан сауда орталығы тез тұтанғыш материалдардан салынған екен. Жығылғанға жұдырық демекші, оның үстіне мұнда бояу, құрылыс материалдары және автокөлік бөлшектері саудаланып келген. Олар да отқа май құйғандай болып, өрт сөндірушілер жұмысына біраз кедергі келтіріпті. Өйткені, мұндай дүниелердің тез жанғыш келетіні белгілі.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

–  Нысан толығымен металл профлисттен салыныпты. Ал ғимараттың ішін бөліп тұрған қабырғалар пластиктен тұрғызылған екен. Сондықтан, от лезде тарап кетті. Тағы қатты жел тұрып, өрт сөндірушілердің жұмысын қиындата түсті. Сондықтан, қызыл жалын жақын маңда орналасқан ғимараттарға тарап кетпес үшін бар қолдан келген шараны жасады. Зардап шеккендер жоқ.

Әзірге, «Мегастрой» сауда орталығындағы оттың неден шыққаны белгісіз. Қазір бұл ақпарат анықталуда. Жалпы, бұл өткен тәулікте өңір аумағында болған жалғыз өрт оқиғасы емес. Облыс орталығында да қызыл жалын 3 рет бас көтерген.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

–  Өрт оқиғасының бірі моншада орын алды. Кір жууға кеткен нәзікжанды сол жерде газға уланып, құлап қалған. Қазір оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Тағы дәрігерлердің көмегіне подъездегі электр жүйелерін алмастырамын деп күйіп қалған азамат жолығыпты.

Ал мамырдың 21-і Ғ.Мүсірепов пен Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысында машина тұтанған. Айта кетейік, бұл – жыл басталғалы отқа оранған осымен 22-ші автокөлік. Олардың жануына электр сымдарының тұйықталуы себеп.

Магжан Ахмадина